Санитарлық талаптарды сақтамайтын сауда орындары анықталды - Өскемен

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында санитарлық талаптардың сақталуын тексеру мақсатында арнайы құрылған мобильді топ сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарына кезекті рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен өткен шара барысында шаһардағы дүкендер, дәмханалар және шаштараздар тексерілді. Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясына байланысты ШҚО мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысында бекітілген талаптарға бағынбайтын мекемелер аз болған жоқ. Көп жағдайда жеке қорғаныс құралдарының болмағандығы, сондағы қызметкерлердің медициналық маска тақпайтындығы, әлеуметтік ара қашықтықтың сақталмайтындығы анықталған.

«Қауіпті індет бойынша қазір Өскемендегі жағдай тұрақты болғанымен, вирус жұқтырып жатқандар әлі де бар. Шағын және орта бизнес иелерін тексеру арқылы біз дерттің таралуына тосқауыл қоямыз. Себебі осындай жерлерде адам көп шоғырланады. Жалпы рейдтер үнемі өткізіліп отырады. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары да тексеру шараларына атсалысуда. Коронавирустың қаупі жайлы талай мәрте айтылса да шектеулерді сақтамайтындар баршылық. Сондықтан біз мекеме басшыларына тек ескерту жасап қоймай, әкімшілік хаттама толтыруды бастадық», – деді мониторингтік топтың басшысы Михаил Дерябин.

Рейд барысында санитарлық нормаларды бұзған бірқатар дәмхана иесіне ҚР ҚК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Заң бойынша оларға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал ескерту жасалған кәсіпкерлер кемшіліктерді түзетпесе, бірден тиісті шаралар қабылданады.

Ал осының алдындағы рейд 6-8 маусым аралығында өткен болатын. Ол кезде 200-ге жуық мекемеге тексеріліп, 62 заңбұзушылық анықталған.


Соңғы жаңалықтар