Санитариялық-эпидемиологиялық органдар бақылауында 7,5 мыңға жуық мектеп бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова білім беру нысандарын тексеру нәтижесі жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санитариялық-эпидемиологиялық органдардың бақылауында 7,5 мыңға жуық мектеп және 8 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым бар. Балалардың жалпы саны – шамамен 4,5 млн. Оның ішінде 6,5 мың нысан қалаларда және 9 мыңға жуығы ауылда орналасқан», - деді А. Есмағамбетова Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелері тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда, ол мемлекеттік бақылау әрі қадағалау Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес жүргізілетінін және осы жылға дейін ерекше тәртіп бойынша тексеру түрінде атқарылғанын айтты. Мектептерді тексеру жиілігі жылына бір рет, мектепке дейінгі ұйымдарды тексеру жарты жылда бір рет, сондай-ақ жоспардан тыс тексеру тек расталған заң бұзу деректері болған кезде ғана шағым бойынша жүргізілді.

«2022 жылы ерекше тәртіп бойынша 5 мыңнан астам тексеру (оның ішінде 5 124 тексеру – мектептерге, 123-і – мектепке дейінгі ұйымдарға) жүргізілді. Тексеру барысында нысандардың 92 пайызында тиісті талаптарды бұзу деректері анықталды. Жоспардан тыс тәртіп бойынша 5 мыңнан астам нысан тексерілді. Олардың негізгі бөлігі (82%) берілген нұсқамалардың орындалуына қатысты, ал қалған 18%-ында шағым бойынша (818) тексерілді. Шағымда көрсетілген деректердің 90 пайызы расталды», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар