Санат Көшкімбаев Елбасының жауапкершілік жайындағы сөзіне орай: Нақты ескертпе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Елбасының эпидемиологиялық ұсыныстарды сақтауға шақырған сөзіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл өте нақты ескертпе болды. Мұны өзге елдердегі коронавирус індетіне байланысты тәжірибе көрсетіп отыр. Шектеу шараларының барлығы бірдей індеттің таралуына тосқауыл бола алмайды. Ең алдымен азаматтардың түйсігі болуы тиіс және бүкіл әлемдегі ұсыныстарды қатаң орындау қажет», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Осы ретте ол маска тағу, әлеуметтік арақашықтық ұстану, антисептиктерді пайдалану, қолды жиі жуу сияқты сақтық шараларын әрбір адам ұстануы тиістігін атап өтті.

«Шындығына келгенде, мұның барлығы ең алдымен адамның өзіне байланысты жайт. Мәселен, адам саны өте көп Қытайдың өзінде ауруға шалдыққандар санының қанша пайыз болғанын және салдары қандай екендігін көріп отырмыз. Оңтүстік Корея, Вьетнам елдерінің де тұрғындары ұстанымдық танытудың жоғары деңгейін көрсетуде. Бұл өте маңызды», - деді институт директорының орынбасары.

Сонымен қатар ол шектеу шараларын қатаң ұстану бүкіл әлемде коронавирусқа қарсы бірегей дәрілік зат болып отырғандығын баса айтты.

«Айталық, Швеция бастапқы кезеңнің өзінде-ақ карантин шараларын мүлдем қолданған емес. Бірақ, бұл елде адамдар барлық қажетті сақтық шараларын өздері-ақ ұстанды», - деді С.Көшкімбаев.

Айта кетейік, Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Асқар Маминмен кездесті.

«Қауіпті дертті жұқтырып алмау адамның өзіне және тәртібіне байланысты екенін түсіндірген мемлекеттер ұтылған жоқ. Кейбір елдерде карантин шаралары қабылданбады, өйткені адамдар сақтық шараларын сақтап, мамандардың талабын орындады», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында.


Соңғы жаңалықтар