Санат Көшкімбаев: АҚШ-қа Қазақстанмен серіктестікті кеңейту маңызды болып тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы, доцент Санат Көшкімбаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапарына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға жұмыс сапарымен келуі өте маңызды рөл атқарады, себебі АҚШ Мемлекеттік хатшылары елімізге соңғы рет бес жыл бұрын келген. Бұл - Қазақстан үшін де, АҚШ үшін де маңызды жаңалық»,- дейді Санат Көшкімбаев.

Ол АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Орталық Азия мемлекеттері ішінде ең алдымен Қазақстанға келгенін айтты.

«Ол алдымен Нұр-Сұлтан қаласына келді, одан кейін ғана бүгін С5+1 форматындағы министрлер кездесуіне қатысу үшін Ташкентке барды. Қазақстан - АҚШ-тың инвестиция көлемі, өзара сауда-саттық, қауіпсіздік саласында жұмыс істеу бойынша стратегиялық серіктесі. Бұл туралы Мемлекет басшысымен және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында айтылды. АҚШ үшін серіктестіктің осы деңгейінің сақталып қалуы ғана емес, кеңеюі және тереңдей түсуі маңызды», - дейді ол.

Оның айтуынша, Майк Помпеоның Қазақстанға келуі - АҚШ-тың қостарапты, сондай-ақ Орталық Азияда көптарапты әрекет ету форматына дайын екенін білдіреді.

«Менің ойымша, аймақтағы жағдайды, соның ішінде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды және Қазақстандағы транзитке байланысты реформаларды ескерсек, қазір осындай байланыс орнатуға ең қолайды уақыт. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында АҚШ-тың бес мемлекеттік хатшысымен кездескенін айтып өтуі - кездейсоқтық емес. АҚШ үшін жемісті қарым-қатынас орнату маңызды екені белгілі. Бұл жолғы кездесу солай болғанын айта кету керек. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Твиттерде жазды. Қазақстандық тарап та кездесу жоғары деңгейде өткенін айтады», - дейді Санат Көшкімбаев.

ҚР Сыртқы істер министрі соңғы жарты жыл ішінде АҚШ Мемлекеттік хатшысымен төрт рет кездескен. Сарапшы бұған да назар аударып отыр.

«Бұл да Қазақстан мен АҚШ арасында жемісті қарым-қатынас орнағанын білдіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен қысқаша әңгімелескенін айтып өту керек. Сондықтан бұл байланыс кеңейе түседі және тереңдей береді. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің және басқа да басшылардың АҚШ-қа баруы үнемі өнімді сипатқа ие болып келеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар