Сананы тұрмысқа билетіп қоямыз ба? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Қазақша оқығанның қадірі төмен бе?- «Орал өңірі» газеті

null 

«Орал өңірі» газетіндегі мақала қоғамда әлі күнге жиі талқыланатын мәселенің бірі. Әрине, осындай әңгімелер біртіндеп күн тәртібінен түсетініне сенгің келеді, дегенмен бүгінгінің жағдайын мақала авторы жан-жақты талқыға салған екен.  Расында, автор айтпақшы орысша оқитындарды қазақша оқығандардан артық санау кеңестік кезеңде қалыптасып қалған стереотип секілді, ондай «қатқан қағидадан» арылатын уақыт болған. Осыған байланысты мақалада «бұлай ойлауға қандай негіз бар? Әлде бұл  біржақты  пікір  ме?» деген сұраққа жауап ізделеді. Автор әуелі «Тілдің мінезге қатысы бар ма?» деген мәселеге үңіледі. Сарапшы ретінде ғалымды да сөзге тартады.

«Бүгінде аралас мектептердің  мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал сол мектептерде оқитын оқушылардың мінезінде, психологиясында өзгерістер болып жатыр ма? Әрине, өзгерістер болып жатыр. Бірақ та аға ұрпақ, соның ішінде кешегі идеологияның тұтқынында болған  аға ұрпақтың санасындағы өзгерістер әлі де бүгінгі күннің өзгерістеріне жете алмай жатқаны жасырын емес. Сондықтан да қазіргі мемлекеттік идеологияның өзі ұлттық идеологияға айналмай, Қазақстанда ұлттық тіл, ұлттық мәдениет деген мәселені біржолата шешу қиын» деген екен сарапшы-ғалым. Сосын ол журналистің сауалына Жүсіпбек Аймауытовтың бір кездері айтқанын: «Өзінің тілінде білім алмаған бала ұлт қайраткері деңгейіне көтеріле алмайды»  алға тартыпты.

Мақалада бала мінезіне, ұяңдығы мен ашықтығына оқитын тілі емес, көбінесе үйдегі тәрбиенің, ортаның көп әсері болатыны айтылады. Сонымен қатар, автор келтірген мәліметтерге қарағанда Батыс Қазақстан облысында 14 165 қазақ баласы орыс тілінде білім алып жүр екен, ал 549  өзге  ұлттың баласы қазақша білім алып жатыр. Тоқтала кететін жайт, сарапшы осыған байланысты «Әзірге қазақ баласы Қазақстанда тұрып өзге тілде білім алып жатса, онда бізде ұлттық идеология мен ұлттық мәселе шешілді деп айту қиын»  деген  пікірін айтыпты».

Сана мен тұрмыс - «Орталық Қазақстан» газеті

null 

«Сананы тұрмыс билейді» деген сөз жиі қолданылатыны бар. Мақалада автор керісінше «Тұрмысты сана билеу керек» деген қағиданың дұрыстығын дәлелдеуге тырысады. Бұл ретте автор қазақ ойшылдарының даналығын, соның ішінде Абайдың қара сөздерін алға тартып, бүгінгі кезеңнің шындығы тұрғысынан әлгі қағидатты саралайды.

 «Бәрі хат таниды, цифрлы техниканың құлағында ойнайды. Әлемдік ақпарат алақандарында. Ал, саналары қалай? Қалай құйқылжытсақ та, саналарын қу дүние, жақсы тұрмыс, қымбат көлік, зәулім сарай үй, қап-қап ақша, үлде мен бүлде, бос мақтан меңдеп алғандай. Бір ғана мысал. Әйгілі спортшымыз Денис Тенді автомашинаның айнасы үшін қыршыннан қиды. Не үшін? Қу дүние үшін. Негізі ауыр қылмыстың барлығы дерлік материалдық игілікке, яғни, қу дүниеге ие бола кету үшін жасалады. Міне, сананы тұрмыс билеп алды дегеніміз - осы» деп жазады ол.

Қайтпек керек? Соңғы түйінінде тілші «Сонымен, санамызды тұрмысқа жығып беріп, қарап отырамыз ба?» деген сұрақпен аяқтапты мақаласын.

  

Ар мен ұят - иманнан - «Жетісу» газеті

null 

Екі-үш мысал-әңгімеден басталған мақалада негізінен қоғамдағы түрлі дерттің жекелеген көріністері сипатталады. Кейіпкерлерінің басынан өткен оқиғаларды әңгімелей отырып, автор бүгінгі шындыққа қатысты ойжүгіртеді. Мәселен, бірінде оның кейіпкері мансапқа масаттанған қызметкер болса, екінші әңгімесінде ағынға еріп адасқандардың мәселесін айтады.

«Қоғамды алаяқтық, имансыздық  дендеп тұр. Халық сенім артып, бар-жоғымызды түгендейді-ау деп үміт артқан азаматтардың өзі «майлы шелпекті» көргенде ар-ұятты «жинап» тастайтынына  куә болып жүрміз. Ең қорқыныштысы,  алдап-алдануға етіміз үйреніп барады. Ел арасындағы «аферист» деген сөзге құлақ үйренді. Жас маманды жауапты қызметке бата беріп, орналастырып тұрып: «Е, денеңе шыр біткен соң қандай болар екенсің?» - деген дүдәмал ой тұрады көкейімізде. Қолға билік тиіп, мол дүниеге иелік еткен соң рухы әлсіз адам қомағайлана асау, тоғышарлыққа салыну, жоқ-жітікке мұрнын шүйіре қарау сынды жаман әдеттерге бой алдырады. Ешбір жанды алаламау, мұқтаждың қажетін өтеуге дайын тұру сынды адамзатқа тән асыл  қасиеттер ұлттық болмысымыздан алыстағандай» деп жазады автор. Түйіндей келе, ол имандылық жүрегінде ұялаған адам сатқындық пен қиянатқа бармайтынын, иман - адамзат баласы үшін асыл қазына екенін жазады.

«Саққұлақ би: «Адамның басшысы - ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі - талап, қорғаушысы - сабыр, сынаушысы - халық, таусылмайтын - арман, ең қымбаттысы - ар сақтау, бәрінен ардақтысы - адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі - сыйластық» деген ғибрат айтқан. Иманды жан айналасындағы үлкен-кішіге құрметпен қарайды.  Осының нәтижесінде жүрек түкпірінде жатқан имандылық нұры тұла бойын ерекше күйге бөлеп, оны сүйіспеншілік, мейірімділік сияқты көркем сипаттармен астастырады».

Қандыағаш. Ол қандай ағаш? - «Сарыарқа самалы» газеті

null 

Кең байтақ қазақ жерінде әлемде сирек кездесетін немесе мүлдем кездеспейтін өсімдік түрлері өседі. «Сарыарқа самалы» газетінде сондай өсімдіктің бірі - қандыағаш туралы жазады. Әлемде сирек кездесетін осы ағаш негізінен Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында тау астынан қысы-жазы тоқтаусыз ағып жататын Әулие бұлақ басында өседі.

«Қандыағаш (ольха черная) бұтағы қара қоңыр, жапырағы біркелкі жасыл, біз көрген шілде айында ұсақ бүршіктері ақ жасыл, кей бұтақтарда қою жасыл түсті екен. Міне, осы бүршіктері адам ағзасына ем дейді. Әулиебұлақтан қолсозым жерде Торайғыр тауы жатыр көсіліп. Одан әріректе Сәкен тауы (Сәкен жары) таң шапағына қасқиып қарсы қарап тұр. Ақ патшаның қанды құрығынан қашып жүргенде осы ауылдағы нағашысын паналаған Сәкен Сейфуллин тауға шыққан дейді жергілікті халық».

Мақалада осылайша, өсімдік жергілікті өлкенің ерекшеліктерімен қоса әңгімеленеді. Таулардың атауларына оқырманның назарын аударта келе: «Міне, осы аумақта әлемде өте сирек кездесетін қандыағаш жайқалып өсіп тұр» деп сосын барып маманға сөз ұстатады.

«Қандыағаш ең ежелгі ағаштың түріне жатады. Неге ежелгі? Бұл мұз дәуірінен бұрын өскен екен. Жалпы, сол дәуірден бізге жеткен ағаш түрлеріне осы қандыағаш пен папоротник жатады. Қандыағаштың 8 түрі бар. Ал дүние жүзінде өсетін жалғыз түрі бізде ғана бар. Қандыағаштың сұр қандыағаш, қара қандыағаш деп бөлінетін түрлері бар. Неге қандыағаш деп аталады? Егер ағашты ортасынан кесетін болсақ, кескен тұс қызарып, қызыл түске енеді».

Шындығында, автор жазғанындай, тани білген адамға табиғат дегеніңіз өте бір ғажап дүние. Ал сол ғажаптың бірі - осы ағаш. Мұның бір ерекшелігі, адамзатқа неше түрлі болжамын айтып тұрады екен.

  

Ауылдағы кәсіпкерлік дүкен ашудан әрі аса алмай тұр... - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

Ауылдағы кәсіпкерлікті жандандыру керек деген әңгіме айтылғалы қашан. Бірақ ауылдағы бизнес өрге оза алды ма, кәсіп ашып, іс істегендер оңалып кетті ме? Бірлі екілі мысал болмаса, ол жағына жауап айту қиындау. «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі мақалада да дәл осы сөз болады. Автор дәп сондай ауылда кәсібін дөңгелетіп жүрген танысымен әңгімесін алға тартады. Сол әңгіменің өзінен-ақ шағын бизнестің ауылдағы ахуалынан біраз сыр аңғаруға болады.

«Бізде шағын және орта бизнесті дамыту керек деген секілді ұрандар жиі айтылғанымен, іс жүзінде алға басуы көңіл көншітпейтіні рас. Танысым айтпақшы, ауылдағы ағайынның кәсіпкерлік жөніндегі түсінігі дүкен ашудан әрі аса алмай тұр. Әйтпесе, шикізаттың бәрі ауылда. Ет, сүт, жүн, дәрі-дәрмек жасайтын шөп дейсіз бе, бәрі ауылдан табылады. Онда балалардың аяқ киімі тігіліп, жүннен киім-кешек тоқылып, теріден былғары бұйымдар өндіріліп жатса, кәсіпкерлік деген осы емес пе? Бір өкініштісі, осындай өнімдер өзімізде бола тұра, тауарды алыс-жақын елдерден тасимыз. Артық айтты демессіз, ауылдағы азаматтарға мұндай кәсіпкерлікпен айналысқанша, дүкен ашып, Қытайдың тауарын сату әлдеқайда тиімді секілді».

Жазуынша, қазіргі қазақ жастары сауданың түбін түсіреді, сауда болғанда да алыпсатарлықтың қыр-сырына меңгерген. Сүйтіп-ақ кәсіпкер болып шыға келеді. Бірақ, солардың көпшілігі нарықтың талабы дүкен ашумен ғана шектелмейтінін әлі күнге дейін түсіне бермейді. Тіпті қолындағы қаржысына шағын зауыт немесе кішігірім цех ашқаннан гөрі қос-қостан дүкен ашқанды жөн көреді. Түйіні, біздегі кәсіпкерлік сауда-саттықтан аса алмай отыр.

«Сарапшылардың пайымынша, қоғамның дамуына сауда-саттық әсер ете алмайтын көрінеді. Себебі, сауданың еш жаңалығы жоқ. Ал, жаңалық жоқ жерде даму да, іздену де болмайды екен. Сондықтан ауылдағы ағайынды жаңа кәсіп түрлеріне бағыттап, өздеріндегі бар шикізаттан өнім шығаруға талпындырмасақ, жиі сөз ететін елу елден қалыс қалуымыз мүмкін».

Қазақ қызының «хиджабы» - өзінің Ар-ұяты - «Арай» газеті

null 

«Хиджаб» мәселесі жаңа оқу жылындағы оқушылар арасындағы «орамал» проблемасы аясында қайта көтерілген болатын. Қоғамды екіге жарған осы жайында Жамбыл облысындағы «Арай» жастар газеті тартақа жазған екен. Мақалада автор ислам дінінің ең басты құндылығының бірегейі - білім алу екенін, мұсылмандық шолақ шалбар мен бүркене оранумен өлшенбейтінін алға тарта кетеді. Соңғы кезде білім ошақтарында өрімдей жастардың білімнен гөрі орануға құштар болып бара жатқанына назар аударылады.

«Хиджаб пен ақ жаулықтың арасы жер мен көктей. Ендеше, хиджабтың өзі бізге сырттан келген қысқа етек пен жыртық шалбар, жезтырнақтық стильдегі келімсек мода іспетті дүние еместігіне кім кепіл? Әйтпесе, сәукеле киіп, шолпы таққан нағыз қазақы болмыстан араб шүберегінің несі артық? Дәл осы тұста даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындықтың белгісі» деп айтқан ащы да болса ақиқаты кеудеде менмұндалайды».

Осыған байланысты автор білім беру ұйымдарындағы ережелерді, заң тыйымдарын жіпке тізіп, «орамалға» қатысты ресми тұлғалардың пікірін береді. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, облыстағы 39 мектепте 94 оқушы хиджабпен келіп, білім алуда екен. Жергілікті жердегі білім бөлімдері де жаңа оқу жылының басталғанына санаулы ғана күн өтсе де басындағы хиджабты шешуден бас тартып, жекеменшік білім беру мекемелеріне ауысып кеткен оқушылар да бар көрінеді. Осы ретте жекеменшік мектептерде ондай талаптар сақталмайды ма деген мәселе туады. Бұған қатысты мамандардың: жекеменшік білім беру ұйымдары білім бөліміне тікелей қарамағанымен, ондағы оқу жүйесі мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіледі. Өйткені, арнайы лицензия бар. Ерте ме, кеш пе жекеменшік білім беру ұйымдарында да хиджаб мәселесіне, яғни, мектеп формасына қатысты заң талаптары орындалады» деген жауап беріледі.

Мақалада белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының да хиджабқа қатысты пікірі келтіріліпті. Онда ақын: «Тегінде, әйел баласының басын тұтастай тасқараңғы тұмшалап тастасаңыз да, бәрі - бекер, егер оның өз бет қызылы (ұяты) болмаса! Қазақ қызының «хиджабы» - өзінің Ар-ұяты. Оған ие бола алмайтындарға, хиджаб түгіл, Қытай қорғаны да бөгет бола алмайды!» деген екен.

Мақалада сонымен қатар, тілші хиджаб киюге мәжбүрлеп отырған ата-аналармен де байланысқанын, алайда олардың барлығы өздерінің ата-аналық позициясы жайлы пікір беруден үзілді-кесілді бас тартқаны айтылыпты. Ресми мұфтияттың да оқушылар арасындағы киім үлгісіне қатысты ұстанымы берілген екен, мақалада.

«Қазақтану» бірлікті бекемдейді - «Сыр бойы» газеті

null 

«Қазақтану» жобасы алғаш Ақмола облысында басталған екен. Бұл Қызылорда облысынан да қолдау тапқаны жазылады облыстық «Сыр бойы» газетінде. Негізгі мақсат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтың ортақ мәдени коды, біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи санасы негізінде халықтың бірлігін нығайту. Сондай-ақ, этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге басымдық беріледі.

«Жаяуды көрсе - атын, адасқанды көрсе - төрін, ашыққанды көрсе - алдындағы асын беретін, аттың жалында, түйенің қомында жүрген қазақ халқы ежелден адамдарды діні, ділі, ұлтына бөліп қарамай, барлығын жақынындай көріп бауырына тартқан. Біз ұлттық болмыс дегенде салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды ғана емес, ұлттық мінез-құлық, адамгершілік қағидаларын да айтуға тиіспіз. Осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғап, заман талабына сай кәдеге асырған жағдайда ұлттық болмысымызды сақтап қалатынымыз анық, - депті облыс әкімінің орынбасары шара барысында.

Мақалада облыстық Ассамблеяның қызметі туралы да жазылған. Ал облыста «Қазақтану» жобасы үш жылға жоспарланыпты. Бұның ұлт тұтастығына, ел бірлігіне апаратын қадам екенін зиялылар айтыпты.

Білімнің былыққа батуы - ұлтқа төнген қатер - «Қостанай таңы» газеті

null 

Облыстық газеттің жазуынша, соңғы жылдары сапалы білім мәселесі туралы көп айтылғанымен көп олқылықтар әлі күнге шешімін таппай келеді. Соның бір көрінісі білім сапасы бойынша Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі 2015 жылмен салыстырғанда, былтыр 10 позицияға (77-ден 67-ге) төмендеген.

Мақалада білім сапасына кері әсер ееттін фактордың бірі ретінде жемқорлық айтылып, осы жайында біршама мәлімет беріледі. Мәселен, соңғы жылдары білім саласы парақорлыққа белшеден батқан алдыңғы үштікке енсе, соңғы үш жылда білім саласының 228 қызметкері пара алу қылмысымен сотталыпты. Автор білім жүйесінің жемқорлыққа батуы - ұлттың қауіпсіздігіне төнген қатер екенін еске салады.

Ал әр өңірде көрініс беретін мектептегі түрлі себеппен ақша жинауды ведомствоның вице-министрі Асхат Аймағамбетов«тұрмыстық жемқорлық» деп атапты.

Сондай тұрмыстық жемқорлықтың бірі тестілер үшін мектеп оқушыларынан ақша жинау.

«Белгілі болғандай, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық шаралары 10-11 сыныптарды былай қойғанда, кейбір пысықайлар 9-шы, тіпті 4-ші сыныптан бастап ұйымдастырып жатады. Сол үшін ақша жинайды. Бүгінде дайындық тестілерін жеке меншік компаниялар өткізіп отырады. Ал әрбір оқушы бір тест үшін 500 теңгеге дейін ақша төлеуге міндетті. - Мәселен, Алматы облысында 9-11 сыныптар үшін тестілеу ұйымдастырылды. Әрбір тестінің бағасы 300-500 теңге шамасында болды. Демек, мектеп әкімшіліктері мемлекет кепіл болған білім қызметтерін коммерциялық мекемелердің пайдасына ықпал етіп отыр деген сөз. Оны кейбір мектептер аптасына бір рет, кейбіреуі айына бір мәрте тапсырды. Бір қызығы, ата-аналар сынақты білім және ғылым министрлігі өткізіп жатыр деп ойлайды. Олай емес. Ондай тестілер үшін ақша жинаған заңсыз».

Надандық қайдан шығады? - «Замана» газеті

null 

«Жақында бір кітаптан «Надандықты көріп тұрып үндемеу де - надандық» дегенді оқып, ойға қалдым. Себебі біз күн сайын қанша адамның надандығын көре тұра үндемей жүр емеспіз бе? Сөйтсек ол дұрыс емес екен ғой. Ендеше, күнделікті өзіміз көріп жүрген, жұрт әдепсіздік, надандық деп санамайтын, қалыпты боп кеткен нәрселер туралы неге жазбаймыз деген ойға келдім. Өйткені ел ішінде надандықтың шырмауынан шыға алмай отырғандар әлі де көп». Осылай деп бастаған мақала авторы «Заман» газеті арқылы өзі куә болған надандықтың бірнеше түрі туралы жазыпты.

Соның бірі «надандықтың үлкені аппақ сақалыңмен қай жерде, не айтарыңды білмеу», делінсе екіншіден баланың дастархан басындағы әдебін білмеуі де надандық дегенге келтіріліпті.

«Надандықтың тағы бірі - жұрттың сөзін тыңдамай, өзін көрсетіп, көп сөйлеу ме дедім. Ұжымда, достар арасында, тағы басқа орталарда осындайды көп байқаймын. Сосын жұрт көп сөйлейтін адамды іскер, білгіш деп ойлайтыны бар».

Соңғы жаңалықтар