Саналы тәрбие негізінде алынған білім ғана сапалы болады – Асқарбек Құсайынов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Бізде әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын дейтін ұғым бар. Сол секілді бұдан былай әр шаңырақта Абайдың кітабы тұруы тиіс. Өйткені Абай – қазақтың бет-бейнесі, бренді. Біле білген адамға Абай ілімінде қазаққа қажет нәрсенің бәрі бар. Нарық та, демократия да, ел басқару да, бәсекелестік те, ғылым-білімде», деді. Бұл Абай тағылымының қазақ елінің дамуындағы орнын айшықтай түседі. Қазақ елінің келешегі, Хакім Абай айтқан адамның тәлім-тәрбиесіне, ғылым мен білім деңгейіне байланысты болады. Осы орайда бізӘл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, академик Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, Асқарбек Құсайыновпен сұхбаттасқан едік.

- Асқарбек Қабыкенұлы, Елбасы Н. Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласында: «Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни

ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді», – дейді. Біз осы үрдісті лайықты жалғастыруымыз

қажет. Яғни, Абайдың ақыл дариясы ұлтымыздың бүгінгі буын үшін де және болашақ ұрпақ үшін де айнымас бағыт-бағдарға, өмірлік шамшыраққа айналуы керек. Бұл – кемел келешектің бірден бір кепілі.

- Дұрыс айтасыз, білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің бастау көзі, мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім беру саласында кенжелеп қалу елдің бәсекеге

қабілеттілігіне, ұлт болашағына және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Білім беру – кез келген мемлекетте ең алдымен ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс. Компаративист-ғалым ретінде жүргізген

зерттеулердің нәтижесінде, әлемдегі даму қарқыны жоғары елдердің білім беру саясатының басты мақсаты ұлттық ерекшеліктерді, өздерінің дәстүрлі

мәдениеті мен бағдарын сақтауға негізделетіндігі анықталып отыр.

Осы орайда, Жапон елін мысалға алуға болады. Бұл елдің үздіксіз білім беру жүйесі жапон қоғамының рухани-адамгершілік құндылықтарын көрсететін негізгі 3 өмірлік ұстанымды насихаттайды. Олар: 1. Ойланып үйрен, өз бетіңмен шешім қабылда, проблемаларды шешудің ең жақсы жолдарын ізде және тап; 2. Әдемілікті түсін, өзіңде сұлулық сезімін тәрбиеле, жаның сұлу болсын, мейірімді бол, аяушылық білдіре біл; 3. Денің сау, төзімді, күшті бол.

Осы ұстанымдар өмірде, оқу үдерісінде, қоғамда нақты жүзеге асып отыр. Жапонияда білім беру, тәрбиелеу, адамды қалыптастыру философиялары өзара тығыз байланысты. Бұл елдегі білім беру әрқашан өзінің тектік сипаттамасын сақтады – кеңінен алынған әлеуметтік-мәдени мәнмәтінде құндылық-мағыналық құрылыммен жұмыс істеді.

Біз Жапониядағы ғасырлық дәстүрі бар балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жүйесі мен сондайлық ғасырлық тарихы бар, тамыры тереңде жатқан қазақ халқының дәстүрлі халықтық тәрбиесі арасында көптеген ұқсастықтарды таба аламыз.

Қазіргі уақытта Америка мен Еуропа елдерінің ғалымдары жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруде Шығыс елдерінің озық екенін мойындап, оның білімділіктің түп қазығы болатынын ескертіп, үлгі тұтып отыр. Саналы тәрбие негізінде алынған білім ғана сапалы білім болатыны хақ. Қазіргі таңда біз енді ғана Батыстан бас тартып, өзіміздің ұлттық тамырымызға бет бұра бастадық.

Қоғамның рухани жаңғыруы, әр адам санасының жаңғыруына қатысты бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, революциялық емес эволюциялық жолмен даму, сананың ашықтығы бағыттарын іске асыру мақсаттарында жүргізілуі қажет. Ел Президенті Қ-Ж. Тоқаев жоғарыда айтылған мақалада ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселе

екендігін айтып, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатынымызды көрсетіп берді.

Ал, Елбасы Н. Назарбаевтың «Егемен Қазақстанның» газетіне жарияланған «Абай аманаты» атты мақаласын бір деммен оқып шықтым. Туынды Тұңғыш Президентіміздің Абайды алғаш таныған кезінен басталып, ұлы ойшылдың өсиет сөздерімен өрілген. Мақаланы оқу арқылы Елбасы өміріне, оның ішінде ел басқарудағы іс-әрекетіне ақынның ғибраттары қаншалықты әсер еткенін бұрынғыдан да жақынырақ білдік деуге болады.

Тіпті Елбасы мақалада Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешімді қабылдамас бұрын болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматқа Абайша қарап, Абайша баға бергенін айтады.

Осының өзі Абай мұрасының мәңгілік екенін дәлелдейтін дүние.

Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап өзімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Кемелұлының елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, Шығыстың да, Батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын ескергенін айтады. Бұл да хакім Абайдан алған тағылым екені сөзсіз.

- Асқарбек Қабыкенұлы, Елбасы Н. Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласында айтылған деректерді өрбітсек, шын мәнінде, Нұрсұлтан

Әбішұлының әр игі бастамасы данышпанның өнегесіне табан тірейді.

Оған Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешімі Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген қағидасымен үндесуі айқын дәлел. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы ғұламаның 150 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтудің елдік, егемендік тұрғысынан қаншалық маңызды болғанын да назардан тыс қалдырмай, сол кездегі бірқатар естеліктерге тоқталып өткен. Оқып отырып, Абайдай дара тұлғаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қажет деген қағиданың дұрыстығына одан әрі көз жеткізе түсесің.

Ал, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жидебайға арнайы келіп, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінде атқарылған жұмыстармен танысты. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында мемориалдық кешен мен Абайдың мұражай-үйі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта

жаңғыртылған. Кіре берісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолынан бастап кешеннің үстіне шығаратын жолға дейін гранит тас төселген. 200-ге

жуық шырша түптері егіліп, амфитеатрдың төбесі күмбезделген және кіреберіс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалған. Қазақстан

Президенті атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітаптар сыйлады.

- Иә, Мемлекет басшысының барлық іс-шараларды идеологиялық және ағартушылық бағытқа бұруы – ұлтымызды жаңғыртудың тағы бір қадамы.

Биыл хакім Абайдың 175 жылдығын атап өтудеміз. «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл толып отыр.

Ұлттық мұрамыздың бастауында тұрған ұлы Абайдың мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде насихатталуы өскелең ұрпақтың бойында із қалдырары анық. Ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесі ағартушы ақын шығармаларында кеңінен кездеседі. Тек шын ниетпен, адамгершілік ақыл-парасатпен жеткізіп, әр жүрекке сәуле себетіндей жаңа жолдарын қарастыруымыз қажет.

Абай мұрасындағы ағартушылық-адамгершілік тұжырымдар қашанда өзекті болған. Ғылым-білімге шақырып, интеллектуалды ұлт қалыптастыру,

әділетті қоғам құру идеяларын көтерген Хакімнің көзқарастары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни сынды шығыс ойшылдары, Сократ, Платон, Аристотель секілді грек ойшылдары және Қытай философы Конфуцийдің идеяларымен үндеседі. Абай өзіне дейінгі Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи және Жалаладдин Румидің кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, тұжырымдар жасады.

Ежелгі қытай философы Конфуций адалдық, сыпайылық, ұқыптылық, аманатқа берілгендік, адамгершілік және қайырымдылық, ата-аналары мен үлкенді сыйлау, тәртіпке ұмтылу секілді этикалық нормалар мен ережелер жүйесін қалдырған болатын. Ол ілімге құмартып ұмтылу жеке тұлғаның негізгі қасиеті деп есептеді. Атап айтқанда, оқыту мен тәрбиелеуді адам қабілетін ашу және дамыту құралы ретінде қарастырды.

Конфуций қытайлардың көзқарасы мен ұлттық мінезін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Сондай-ақ басқа елдердің халқына да үлкен әсер етті, әсіресе батыс әлемінің демократиялық идеялары туындағанға дейін анағұрлым ертерек халық билігін мойындауының арқасында жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесіне енді.

Конфуцийдің трактаттарындағы цзюнь-цзы – қайырымды адам туралы ілімі Әл-Фараби дүниетанымындағы адам мәселесінде жалғасын тауып, Абай көксеген «толық адам» деп аталатын тұлғаның кемелдігі туралы идеясымен үндесетінін байқаймыз.

Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдық, білімсіздік, надандық, имансыздық, тоғышарлық, енжарлық, жалқаулық, сөзуарлық, екіжүзділік, күншілдік, мақтанқұмарлық, дүниеқоңыздық, мансапқорлық, көрсеқызарлық, менмендік, еңбексіздік, әділетсіздік, сатқындық және т.б. адам баласының бойындағы осы жаман қасиеттерімен күресуге ұмтылу керектігін түсіндіреді. Осылайша ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында қалыптасып келе жатқан, діни-философиялық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – «толық адам» ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деп, Абай толық адам ілімін айқындай түседі. Мұндағы «ыстық қайрат» физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» – интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» – рухани жаңғыруды білдірсе керек.

Біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі білім берудің табыстылығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі, ұлттық құндылықтарын сақтап және оларды дамыта отырып, рухани бай тұлғаны тәрбиелеу болып табылатынын ескеруіміз керек. Ұлы Абай да осыны меңзеген.

Яғни балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ғасырлық тарихи тамыры бар дәстүрлі қазақ халық тәрбиесінің негізгі идеялары мен құндылықтарын қалпына келтіріп, кеңінен пайдалануымыз қажет.

Осы орайда, Қазақстандық білім беруде Абай ұсынған «толық адам» тұжырымдамасын негізге алып, ағартушы ақынның білім, ғылым, адамгершілік тәрбие жайындағы рухани тағылымын терең насихаттау арқылы интеллектуалды ұлт қалыптастыру бағытын ұстанғанымыз жөн.

«Тәрбие басы – тіл» дейді қазақ халқы. Хакім Абай жиырма бесінші қара сөзінде «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деп, тіл үйренуге шақырады.

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» деп тұжырымдайды. Сондай-ақ ағылшын тілін үйренуге басымдық беру керектігін, бірақ ана тілін білуге аса қатты назар аудару қажеттігін айтады.

Мен әлемнің озық 20 елінде (Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Франция және т.б. елдер) бастауыш сыныптарда, яғни, 1-6 сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде екі тіл 1-сыныптан бастап – 2 елде, 2-сыныптан бастап – 5 елде, 4 және 6-сыныптардан бастап – 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде үш тіл бірдей оқытылмайды. Ал біздің елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде үш тіл қатар оқытылып келеді. Нәтижесі қандай? Қазіргі уақытта қалалық жерлерде қазақ балалары бір-бірімен орысша сөйлесетін болды.

Тіпті қазақ мектептерінде оқып, қазақ отбасында тәрбиеленетін балалардың өзі орыс тілінде сөйлеседі.

Әлемдік тәжірибеде басқа тілдерді ана тілі негізінде оқудың тиімділігі ғылыми түрде дәлелденген. Аса көрнекті педагог К.Д.Ушинский мен белгілі психолог Л.С.Выготский шетел тілін оқып-үйретуді бастамас бұрын, бала өз ана тілін жетік білу тиіс екенін ғылыми түрде дәлелдеген болатын.

Мемлекет басшысы тілдің мәртебесін көтеру жайындағы бір сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде.

В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» дейді.

Өз ана тілінің уызын қана ішіп, оны терең меңгеріп, сол тілде ұлттық тәрбие алған баланың бойында ұлттық патриоттық сезім жоғары болады деп ойлаймын.

Сөзімді қорыта келе айтарым, ұлтымыздың өркендеп, рухани тәрбие, сапалы білім беру мақсатында қастерлі құндылығымыз – Абай дүниетанымын терең тануымыз керек. Абай философиясының өзегі – «Адам бол!» идеясы. Адам болу – бұл ой-өрісі, сана-сезімі, дүниетанымы қалыптасқан тұлға болу. Адамды күштеп адам қыла алмайсың, оны зорлап оқытып, жақсы маман қыла алмайсың. Білім-ғылым да, өнер де – бәрі де талаппен, ынтамен, жігермен келеді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», - дейді Хакім Абай.

Ұрпақ тағдыры – бәрімізге ортақ. Олай болса, ұлттық рухани қасиеті мол, тәрбиелі һәм білімді тұлға қалыптастырудағы еңбектеріміз табысты болғай!

- Асқарбек Қабыкенұлы әңгімеңізге рахмет. Кеудесінде сәулесі баржандардың жүрегіне жететіндей тағылымды ойлар айттыңыз.


Соңғы жаңалықтар