Сан үрей - бір жұбаныш: Арыстағы жарылыс кезінде туған сәбидің оқиғасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Басы үрейлі, аяғы қуанышпен аяқталған оқиға жайлы ҚазАқпарат тілшісіне Білім және ғылым министрлігінің өкілі Шайза Доскеева айтып берді.

24 маусым күні жарылыс басталған кезде Арыс қаласында Ұлттық бірыңғай тестілеудің аппеляциясы өтіп жатқан болатын. Білім және ғылым министрлігі тарапынан Арыстағы мектеп түлектерінің сынын өткізуге 12 адам аттанған. Дәл жарылыс болған уақытта министрлік өкілдерінің бәрі де тестілеу орындарында болған.

Министрліктің өкілі Шайза Доскееваның айтуына қарағанда, бас кезінде ешкім де жарылысқа мән бермеген көрінеді. Алайда артынша «гүрс» еткен екінші жарылыстан мектептің терезелері күлдей шашырап, айналаның бәрі әбігерге түскен.

«Біз Арыс қаласын білмедік. Қайда қашарымызды да әу баста аңғармай қалдық. Далаға шыққанымызда жарылыстардан шошып кеттік. Министрліктен келген 12 адам да бір жақты бетке алып, қаша жөнелдік. Бір қарасақ, 12 адамның ішінен үшеуіміз жеке қалып қойыппыз. Үшеуіміз бір ауылға келіп, үйлердің бірінен 5 литрлік су алдық. Әлгі суды бөліп ішіп келе жатқанымызда Төтенше жағдайлар органының басшыларының бірі кездесіп, көлік тауып берді. Көліктің ішінде бір сексенге тақаған әже мен төрт баласы бар әйел отыр екен. Оларды бір ауылға қалдырып ары қозғалғанымызда жолда бір аяғы ауыр келіншек пен акушер әйел кездесті», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне Шайза Доскеева.

Келіншек толғатып қиналса да, біршама жолды жаяу жүрген. Осылайша, көліктегілердің бәрі жақын маңдағы медициналық пункті іздей бастаған.

«Жүргізуші жолдың қарама-қарсы бетімен шығып, терезеден басын шығарып, жол беріңдер деп айғайлап, Ақжар деген ауылға жеттік. Ақыры, көліктегілердің бәрі болып ауылдағы бір үйге тоқтадық. Үй иелері де бірден бір бөлмені босатып берді. Ақыры, акушер мен әріптесім Балбөпе Өтенова келіншекті босандырды. Баланың кіндігін әріптесім Балбөпе кесті», - дейді ол.

Жас ана қуанғанынан көз жасына ерік беріп, өзіне көмектескен жандарға алғысын айта беріпті. Тіпті балаға дер кезінде ауылға жеткізген жүргізушінің есімін бермек болған. Алайда дүниеге қыз бала келгендіктен, балаға жүргізушінің анасының есімі беріліпті.
null

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында кеше таңертең жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан екі адам мерт болды.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде кеше «Арыс, біз біргеміз» акциясы басталды. Акция аясында Түркістан облысы Арыс қаласындағы оқиғадан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін Облыс әкімшілігінің жанынан ашылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласуыңызға болады.

«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Соңғы жаңалықтар