Сән дизайнері мен диджей: Астана Опера «Күлбике» ертегісін жаңа үлгіде ұсынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Астана Опера» театры танымал «Күлбике» ертегісін жаңа үлгіде ұсынады. Жаңа балет спектаклінде басты кейіпкер - сән дизайнері, ал ханзада – диджей кейпінде болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерекше қойылым премьерасы 8-9 қазан күндері өтеді. Балет хореографиясы поп-би және брейк-данс элементтері бар неоклассика стилінде құрылған.

Оны германиялық хореограф Раймондо Ребек қойған.

«Мұнда түрлі нұсқалар болды. Бірақ балетмейстердің тілегіне құлақ асуды ұйғардым. Мен барлық эксперименттерге дайын болдым, өйткені мен Раймондо Ребекке толықтай сенемін. Оның бізге қойған туындылары өте ерекше болды. «Күлбике» де - күрделі әрі мәнерлі спектакль. Раймондо мұны қалай елестететінін көрсеткенде, оған сенім арту керегін түсіндім және бәрі ойдағыдай болатынына сенімді болдым. Шынында да, әдемі костюмдер, ерекше стенография шықты, ал спектакльдің өзі ешкімге және ештеңеге ұқсамайды. Әлемде «Күлбикелер» өте көп. Ал бізде ерекше қызықты оқиға бар», - деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Қоюшы-хореограф Раймондо Ребектен бөлек, жаңа туындыда сценограф Йоко Сеяма, аранжировка жасаушы композитор Дэвидсон Джаконелло, қоюшы-дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, жарық бойынша суретші Тим Вацлавек, проекция бойынша суретші Серджио Металли, костюм бойынша суретші Франсуа-Ноэль Шерпин, қоюшы-дирижердің көмекшісі Руслан Баймурзин жұмыс істеген.

Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«Қандай отбасылық балет қоюға болатынын ұзақ уақыт ойладым. Бұл процесс өткен жылдың қазан айында басталды. Мен ойланып жүргенде және әлемде түрлі оқиғалар болып жатқанда, бәріміз бір нәрсеге сенетінімізді көрсететін оқиғаны қою керек деп ойладым. Осылайша, «Күлбикені» таңдадық. Бұл өзіне сенудің, қандай да бір нәрсеге қол жеткізудің ең жарқын мысалы. «Астана Опера» театрында да ерекше бір нәрсе бар деп ойлаймын. Сондықтан балет өткен және қазіргі уақытта қойылды және уақыт ауысып отырады. Ертегілер бізге жақсылық пен өмірлік құндылықтарды үйрететіні белгілі. Мен баршаға таныс ертегінің жаңа психологиялық аспектісін көрсеткім келді. Бізде ол өзіне, ғажайыпқа, өмір ғажайыптарына сену туралы болады. Күлбике – өгей анасының үйінде ательесі бар сән дизайнері. Тағдырдың барлық бұралаңдарына қарамастан, ол өзінің арманына жетуге тырысады. Ал ханзада музыка жасайды, ол ескі қоғамның ережелері мен заңдарын ұстанғысы келмейді, жаңа нәрсе жасауға тырысады»,-деді қоюшы хореограф.

Осылайша, Күлбике мен ханзаданың музыкасы арқылы көрермен уақытқа саяхат жасай алады.

Жаңа қойылымда заманауи өзгерістер болатынына қарамастан, романтикалық ертегі қойылымының дәстүрлері әлі де сақталады.

Көрермен туфли формасындағы сиқырлы пәуескені көреді, перизат ер адамның кейпінде болса, Күлбике дөңгеленген кең көйлектің орнына жеңіл киім киеді.

Сонымен бірге, көпшіліктің сүйікті «Үлкен вальсі» - Прокофьевтің ең жарқын вальстарының бірі орындалады.


Соңғы жаңалықтар