«Самұрық-Қазынаның» мердігер ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі сақталмайды – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов «Самұрық-Қазынаның» тапсырысын орындаушы мердігер ұйымдар еңбек қауіпсіздігін сақтамайтынын проблема етіп көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында еңбек қауіпсіздігі жөнінде жұмыс шынымен жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жұмыс оның мердігер ұйымдарында жүргізілмейді. Мысалы мен елдің бас еңбек инспекторы ретінде жұмыс бабымен «ҚазАтомӨнеркәсіптен» басқа салалардың бәрін аралап шықтым. Ондағы ахуалды өз көзіммен көрдім деуге болады. 2020 жылы біз Еңбек кодексіне вертикалды бақылау туралы норманы жайдан-жай енгізген жоқпыз. Бірақ ол норманың тек құрылыс алаңдарына ғана қатысы бар. Ал «Самұрық-Қазына» өзінің ішкі құжаттарымен өзіне тиесілі кәсіпорындардағы жағдайды ішкі бақылау арқылы реттейді. Дегенмен бұл норма қазіргі таңда соншалықты жақсы жұмыс істеп жатқан жоқ. Соның салдарынан былтыр бірнеше қайғылы оқиға болды», - деді ол.

Ведомство өкілі мердігер ұйымдармен келісімшарт бір жылға ғана жасалатынын еске салды.

«Біз мердігер ұйымдармен келісімшарт бір жылға ғана жасалатынын білеміз. Бұл жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігіне ақша салуға мүмкіндік бермейді. Мына жерде еңбек қауіпсіздігіне 1 пайыз ғана қаражат бөлу аз ба, көп пе деген сауал қойып жатырсыздар. Оның өзі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы кәсіпорында ғана сақталады. Ал мердігер ұйымдарда осы 1 пайыз да бөлінбейді. Өйткені оларға тендерге қатысу үшін демпинг жасау керек, айлықты көбейту керек. Сондықтан мердігер ұйымдарда техника жаңартылмайды. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында келісімшартты кем дегенде 3 жылға бекіту мәселесі қаралып жатқанын білем. Егер осы жұмысты аяғына жеткізсе, тек қана компаниялар тобында емес, мердігер ұйымдарда да өндірістік жарақат азаяр еді деп ойлаймын», - деді Төлеген Оспанқұлов.


Соңғы жаңалықтар