«Самұрық-Қазынаға» тиесілі компания басшылары жұмысшы қауіпсіздігіне жеке басымен жауап береді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» өзіне тиесілі компаниялардың басшыларына жұмысшы қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілік жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов айтты.

«2022 жылы «Самұрық-Қазына» тобында өндіріс қауіпсіздігі бойынша алғашқы мамандандырылған форум өтті. Жиында қор өзіне қарасты 13 ірі компания басшыларына қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығына жеке өздері жауапты екенін ескертті. Бір жыл ішінде мұндай еңбекті қорғауға қатысты іс-шаралар «Қазақтелеком», KEGOC, QazaqGaz және SK Ondeu компанияларында да алғаш рет өткізілді. Онда еншілес ұйымдардың, филиалдардың және құрылымдық бөлімшелердің басшылары қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттеме алды», - деді басқарушы директор.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде қызметкерлерді оқыту заманауи халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«98 қызметкер Ұлыбританиядағы Еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық емтихан кеңесінің (NEBOSH) курсынан өтіп келді. Британиялық қауіпсіздік және еңбекті қорғау институтының (IOSH) курсын 286 қызметкер оқып келді. Тағы 2430 қызметкер ұқыпты жүргізу курсын аяқтады», - деді Ғибрат Ауғанов.


Соңғы жаңалықтар