Самұрық-Қазынадағы басшылық лауазымдардың үштен бірін әйелдер атқаратын болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада квазимемлекеттік секторда әйел басшыларды даярлау бойынша «Гендерлік теңдік» бағдарламасы курсын аяқтаған 71 қыз-келіншекке сертификат табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Гендерлік теңдік» бағдарламасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен басқарушылық тәжірибесі бар «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қызметкерлері мемлекеттік компаниялардың директорлар кеңестері мен байқау кеңестерінің құрамына кіру үшін менеджменттің қосымша курстарынан өтті. Осылайша, 71 қыз-келіншек курсты аяқтап, сертификат алды. 15 түлек орталық мемлекеттік органдар, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар жанындағы сараптамалық топтарға енгізілген. Тағы 10 қатысушы мемлекеттік компаниялардың басқару органдарына қабылданды.


«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бұл оқу жобасы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен құрылған және квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен ұйымдардың басқарушы органдарында әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған.

Жоба ҚР Президентінің мемлекет қатысатын компаниялардағы басшылық лауазымдардағы әйелдердің 30%-дық өкілдігі туралы тапсырмасын іске асыру тетіктерінің біріне айналды.

«Ұлттық комиссия қоғамдық негізде жұмыс істейтін және белгілі бір саланың дамуына және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге үлкен үлес қосатын өте белсенді және перспективалы әйелдерден тұрады. Бүгінде Әйелдер қозғалысы жаңа жарқын өкілдермен және көшбасшылармен толығып жатыр. Сіздердің әрқайсыңыздың қазақстандық қоғамдағы әйелдердің жағдайын жақсартуға ықпал ететін өз идеяларыңыз, бастамаларыңыз, жобаларыңыз бар екеніне сенімдімін. Менің ойымша, әйелдерді әртүрлі компаниялардың директорлар кеңесіне қосуды көздейтін бұл жобамыз бірегей», - деді Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева.


«Компанияларды басқаруға бағытталған тәсілдерді жетілдірудің өте маңызды кезеңін аяқтап отырмыз. Бізде шешім қабылдау деңгейінде жұмыс істеуге дайын әй елдер пулы бар. Біздің көшбасшыларды даярлау тәжірибеміз бүкіл елге пайдалы болатынына сенімдімін және біз оны бөлісуге дайынбыз», - атап өтті «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Қазір «Самұрық-Қазына» тобында 259,5 мың адам, оның ішінде 72 мың әйел жұмыс істейді. 8,5 мыңға жуығы бөлім бастығы лауазымынан бастап басшылық лауазымға дейін қызметте. Бұл – жалпы басшылар санының шамамен үштен бір бөлігі. Дегенмен, жоғары басшылықта (басқармалар, директорлар кеңестері, байқау кеңестерінде) әйелдердің үлесі – тек 15%. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 20%-ға дейін және 2030 жылға қарай 30%-ға дейін арттыру бойынша қадамдар қабылданып жатыр. Осыған байланысты әйелдер көшбасшылығы дағдыларын қалыптастыру, әйел көшбасшыларды ынталандыру және ілгерілету, гендерлік теңдік басымдықтарына қол жеткізу жөніндегі ортаны дамыту үшін жағдайлар жасалады.


Соңғы жаңалықтар