«Самұрық-Қазына» тағылымдамасынан өткен жас мамандар ірі компанияларда жұмыс істейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық қорында жас IT-мамандарға арналған «Цифрлық жаз-2018» тағылымдама бағдарламасының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ұлттық қордың бірегей жобасына ел бойынша барлығы 2100 үміткер өтінім беріп, соның ішінен 65 жас IT-маман іріктеп алынды. Олардың арасынан үздік деп танылған 33 тағылымдамашы Қазақстанның ең ірі компанияларына жұмысқа орналасады.

«Осыдан екі ай бұрын біз осы жобаны бастап, жас мамандарға IT саласында, ең алдымен, тәжірибе жинауға мүмкіндік бердік. Сіздер кәсіби мамандармен бірге күрделі модульдерді құрастырып, «Microsoft», «Oracle» және «Cisco» сияқты IT саласындағы үздік компаниялардың оқыту бағдарламаларына қатыстыңыздар. Біз келешегі зор, дарынды мамандарды дайындадық деп айта аламыз»,-деді «Самұрық-Қазына» АҚ Операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметов. 

Таңдап алынған IT мамандар тағылымдама бағдарламасы аясында ұлттық қордың электронды құжат айналымына көшу жобасын дайындауға қатысып, серверлерде қызмет көрсетті, одан бөлек телеграм-бот үшін Java тілінде жаңа бұйрықтарды құрастыру секілді тапсырмаларды орындады. 

«Аталған жоба туралы әлеуметтік желі арқылы білдім. Іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында тағылымдамадан өту бақыты бұйырды. 2 ай көлемінде ЖОО-нан алған білімімді одан әрі жетілдірдім. Соның нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіптің» Ақпараттық технологиялар департаментіне жобаларды басқару менеджері қызметіне қабылдандым. Еңбек жолымның осындай үлкен компаниядан басталатынына қуаныштымын, мен үшін бұл жетістіктің бір сатысы», - дейді тағылымдама жеңімпазы, Астана қаласындағы қазақ экономикалық, қаржы және халықаралық сауда университетінің түлегі Эльвира Мейрамова. 

«Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асырылған тағылымдамадан Астана, Алматы, Атырау, Павлодар және Өскемен қалаларының IT мамандары өтті. 

Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы қордың кадрлық саясатын жаңартып, көпшілікке таныстырған болатын. Осы тұрғыда холдингке қарасты компанияларда жұмысқа қабылданатын кандидаттарды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ететін конкурстық іріктеудің бірыңғай жүйесі енгізілді.  null

  
Соңғы жаңалықтар