Самұрық-Қазына табысының 7% «Қазақстан халқына» қорына аударады – Үкімет қаулысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» жыл сайын таза пайдасының кемінде 7 пайыз қаражатын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. Тиісті қаулы-жобасын Ұлттық экономика министрлігі ашық талқыға шығарып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аудиттелген қаржылық есептілік негізінде қор компаниялары тобының таза пайдасының кемінде 7 пайызы мөлшерінде қаражат бөледі», - делінген қаулыда.

Құжаттың түсіндірмесінде жазылғандай, аталған қаулы жобасын қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық теріс салдары болмайды.

«Жобаны қабылдау «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға жыл сайынғы негізде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына қаражат бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаулы жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де салдарға алып келмейді. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етпейді», - деп көрсетілген түсіндірмеде.

Еске салайық, өткен жылы 1 қыркүйекте Президент өз Жолдауында «Самұрық-Қазына» басшылығына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына таза пайдасының 7 пайызын аударуы бойынша тапсырма берген еді.


Соңғы жаңалықтар