Самұрық-Қазына сатып алу жүйесіндегі өзгерістер косметикалық сипатта болып шықты - сенатор
2022 жылғы 28 сәуір 12:09

Самұрық-Қазына сатып алу жүйесіндегі өзгерістер косметикалық сипатта болып шықты - сенатор

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесіне қатысты жария еткен өзгерістер косметика мен бутафория болып шықты. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Еділ Мамытбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор «Самұрық – Қазына» қорының сатып алу рәсімі туралы сын айтты. Ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында саланың негізгі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Депутат Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» қорында сатып алудың жаңа тәртібі әзірленгенін атап өтті. Алайда, бизнес-қауымдастығы мен сарапшылар жаңа ережелерге талдау жасай отырып, Қор бір көзден сатып алу әдісінен ауытқымағанын айтып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәртіп әділ бәсекелестіктің негізгі ұстанымдарын жоққа шығарады.

«Бизнес өкілдері еліміз Президентінің тапсырмасынан кейін сатып алу саласында жаңа демократиялық қағида сипатында сапалы өзгерістер күткен болатын. Бірақ сарапшылардың сыны мен бұқаралық ақпарат құралдарын зерделей отырып, жақсы жағына қарай ештеңе өзгермеген деген қорытынды жасауға болады. Қордың сатып алу жүйесіне қатысты жария еткен өзгерістер косметика мен бутафория болып шықты», - деді Е. Мамытбеков.

Сенатор 2022 жылғы 1 сәуірде күшіне енген жаңа ережелерде холдингішілік кооперация аясында сатып алу әдісі алынып тасталғанын атап өтті. Алайда, сенатордың айтуынша, ол жұмыстар мен қызметтер тізбесі кеңейтіліп, бір көзден сатып алуға ауыстырылған болып шықты.

«Кооперацияның холдингішілік сатып алуы 2021 жылы сатып алудағы жалпы көлемнің 25%-ын құрады. Қордағы барлық сатып алу көлемі 3,4 трлн теңгені құраған болатын. Бұл ретте сатып алу көлемінің тек 18%-ы ғана ашық тендерге шығарылды. Ал Қордың портфельдік компанияларының 2020-2025 жылдарға арналған жылдық және ұзақ мерзімді сатып алу жоспары мониторинг қорытындылары бойынша бәсеке позициядағы сатып алу холдингішілік кооперация арқылы да жоспарланатыны белгілі болды. Әрине, содан кейін бәсекелестік ортаны кеңейту мен дамытуды көздейтін өзгерістер қайда деген сұрақ туындайды»,- деді депутат өз сауалында.

Сенатор Еділ Мамытбеков осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан осы жағдайға назар аударуды сұрады. Өйткені Қордың әділ бәсекелестік пен бизнестің теңдігі қағидаттарын бұзатын сатып алу нормалары алынып тасталмаған.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT