«Самұрық-Қазына» отандық кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді тапсырыстарды беруге дайын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ off-take келісімшарттары бойынша екі жобаны іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қордың операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметовтың айтуынша, өткен жылы алғаш рет off-take келісімшарттары енгізілді. Оған сәйкес, кәсіпкер өз жерімізде тауар шығарса, «Самұрық-Қазына» қоры онымен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырады.

«Осылайша, біз Қазақстанда шығарылған өнімдерді міндетті түрде сатып аламыз деген міндеттемені өз мойнымызға аламыз. Мәселен, өткен жылы осы үлгіде екі жоба іске қосылды. Біріншісі, ол - «Asia Trafo» компаниясының жоғары қуатты трасформаторлар өндірісі. Аталған кәсіпорын желтоқсан айында іске қосылып, бізбен тікелей келісімшарт жасады. Келісімнің жалпы сомасы 4 миллиард теңге. Екіншісі - «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі қысымды өлшеу құралдарының өндірісі. Бұл жобалар бізге не береді? Біріншіден, бүгінге дейін осы тауарлар Қазақстанда шығарылмағандықтан, компаниялардың қаржысы сырт жаққа, негізінен, Ресей және Қытайға кетсе, жаңағы кәсіпорындарды іске қосқанннан кейін ол қаржы сыртқа кетпейді, өзімізде қалады. Осы шаралардың нәтижесінде өз жерімізде қажетті өндірістер ашылып отыр. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Оған қоса, жаңа өндірістер бюджетке қосымша салық төлейді. Жалпы, осы екі-үш жылдың ішінде біз бұрын соңды болмаған өнідірістерді ашу үшін осындай 10 off-take келісімді рәсімдеуді көздейміз», - деді Ә.Пірметов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарушы директоры «Самұрық-Қазына» қоры аясында сатып алуларды өзгерту мәселесіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бұрын 4500 тауарлар мен қызметтер бойынша барлық сатып алулар холдингтің өз ішінде жүргізілді. «Өткен жылы аталған көрскеткіш он есеге азайды. Холдингтің өзінде 409 тауарлар мен қызметтер қалды. Қалғаны шағын және орта бизнеске берілді. Осылайша, кәсіпкерлер 309 млрд теңгенің тапсырыстарын алды», - деп атап көрсетті Ә.Пірметов.

Айта кетейік, Аxметжан Есімов «Самұрық-Қазынаның» табысын жариялады. Қордың негізгі қызметінен түсетін табыс 31 процентке өсті. Ал дебиторлық қарыздың көлемі 80 процентке азайды. Бұдан бөлек, қор басшысы өткен жылдың басты жетістіктерін атады.

Соңғы жаңалықтар