«Самұрық-Қазына» мен банктер арасындағы депозит келісімшарттарына аудит жүргізу ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Юрий Ли Жоғары аудиторлық палатаға «Самұрық-Қазына» мен банктер арасындағы депозит келісімшарттарына аудит жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 қыркүйекте Қазақстан қор биржасы «Самұрық-Қазына» қорының 2021 жылғы шоғырландырылған таза табысы 1,6 трлн теңге болғанын хабарлады. Бұл ретте дивидендтер төлеуге 170 млрд теңге бағытталмақ.

1,4 трлн теңге мөлшеріндегі соманың қалдығы инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру, борыштық міндеттемелерді өтеу және активтерді сатып алу үшін Қордың иелігінде қалады», - деп бастаған депутат жылдар бойы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің банк депозиттерін сол банктердің корпоративтік бағалы қағаздарына айырбастаудың жабық тәсілі қолданыста болғанын атап өтті.

Мәжіліс өкілі мұны халықтың ақшасымен Қазақстан қор биржасында ойнау деп бағалайтынын айтады.

«Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан қор биржасында сатылатын мемлекеттік борыштың сомасы 17,6 трлн теңге болды. Яғни, бір жылдағы айырмашылық 2 трлн теңгеге жуық өсті.

Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» қорының банктік депозиттерінде 907,5 млрд теңге сақталады. Бұл 2021 жылғы 31 желтоқсандағы қалдықтан 213 млрд теңгеге немесе 24% артық.

Екінші деңгейдегі банктер квазимемлекеттік сектордың депозиттері арқылы арзан өтімділік көзіне ие бола отырып, республикалық бюджет тапшылығының жыл сайынғы өсуінен нақты бенефициар болып отыр. Бұл ретте квазимемлекеттік сектордың өтімділігінің елдің кредит нарығына, атап айтқанда экономиканың нақты секторын кредиттеуге әсерінің оң әсері мүлдем көрінбейді», - деді ол.

Депутат «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының сырттан алған қарыздарына назар аудару қажеттігін айтты.

«Шетелдік кредиторлар халықтық қаржыны бастапқы басқарудың тағы бір бенефициарлары болып алған. Мысалы, 25 қарашада жел электр станциясын салу жобасы туралы мәлімет шықты. Сол үшін «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 1,4 млрд АҚШ долларын немесе 659 млрд теңге алмақшы», - деген Юрий Ли Жоғары аудиторлық палатаға «Самұрық-Қазына» мен банктер арасындағы депозит келісімшарттарына аудит жүргізуді ұсынды

Сондай-ақ ол Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осындай келісімдерден туындайтын жемқорлық тәуекелдерін тексеруді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар