«Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің үштен екісі коронавирусқа қарсы вакцина салғызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына қарасты компаниялар тобындағы қызметкерлердің үштен екісі коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

10 тамызға дейінгі дерекке сүйенсек, Қор компанияларында еңбек ететін 184 594 қызметкер COVID-19 инфекциясына қарсы екпенің бірінші компонентін салғызған. Бұл компаниялар тобындағы қызметкерлердің 67,1% құрайды.

Қорға қарасты компаниялар арасында вакцина салғызуда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ көш бастады. Аталған компанияның 80 қызметкерінің 76-ы немесе 95% вакцина алды. ⠀ Вакцина салғызу науқанын аяқтауға жақын қалған тағы бір компания бар, ол – «ҚазТрансГаз» АҚ. 12 617 қызметкердің 10 843-і (86%) вакцина салғызыпты. Осы жерде ең көп адам еңбек ететін «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясындағы 110 846 қызметкердің 79 481-і, яғни 72% вакцина салғызғанын да бөле-жарып атауға болады.

Қорға қарасты өзге де портфельдік компаниялардағы вакцина салғызу көрсеткіші төмендегіше қалыптасты:

«Қазақтелеком» АҚ – 20 604 қызметкердің 16 032-і (79%)

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – 19 089 қызметкердің 15 032-і (79%)

«Самұрық -Энерго» АҚ – 16 969 қызметкердің 13 275-і (78%)

«KEGOC» АҚ – 4624 қызметкердің 3 592-і (78%)

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ – 863 қызметкердің 656-ы (76%)

«Эйр Астана» АҚ – 5 355 қызметкердің 3 713-і (69%)

«Қазпошта» АҚ – 20 339 қызметкердің 13 225-і (65%)

«QazaqAir» АҚ – 281 қызметкердің 164-і (58%)

«Бірлеске химиялық компания» ЖШС – 642 қызметкердің 333-і (52%). «ҚазМұнайГаз» ҰК» – 62 600 қызметкердің 28 039-ы (45%).

Айта кетейік, жоғарыдағы мәліметтер вакцинаның бірінші компонентін салғызу көрсеткішіне қатысты. Бұл «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы компаниялар тобының қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салғызуда белсенді болып отырғанын көрсетсе керек.

Сонымен бірге бүгінгі таңда аталған компаниядағы әрбір екінші қызметкер вакцинаның екі компонентін де салғызып үлгергенін айтып өтуіміз қажет.

Қор дерегіне сүйенсек, COVID-19-ға қарсы вакцинаның екі компонентін толық салғызғандар саны 138 652 адамға жеткен. Бұл компаниялар тобын қызметкерлерінің 50,4% құрайды. Дәл осы көрсеткіш «Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлерінің жартысынан көбі коронавирусқа қарсы екпені салғызғанын дәлелдейді.

Биыл сәуір айында «Самұрық-Қазына» қоры мен оның портфельдік компанияларында #менекпеалдым #я_вакцинировался шарасы басталған болатын. Осы акция шеңберінде Қор топ-менеджерлері алғашқылардың бірі болып вакцина салғызып, әріптестеріне үлгі көрсетті. Сонымен бірге Қор вакцина салғызу науқанымен қатар, қауіпсіздік шараларын да күшейтті. Мысалы, корпоративтік орталықтағы қызметкерлердің 80% қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті.

Вакцина салғызу науқаны әлі де жалғасып жатыр. Қорға қарасты компаниялар қызметкерлері вакцинаның екінші компонентін алдағы қыркүйек айының 1-не дейін салғызуға тиіс. Егер Қорға қарасты компаниялардың барлығы да халықпен тығыз жұмыс істейтін салалардың қызметін үйлестіретінін ескерсек, вакцина салғызу науқаны қызу жүргенін байқаймыз.


Соңғы жаңалықтар