Самұрық-Қазына қорының қызметкерлер саны тағы да қысқара ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде «Самұрық-Қазына» қорының 124 қызметкері қысқартылған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі сауалына жауап берген қордың баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Қорда қызмет ететін 248 жұмыскердің 124-і қысқартылды. Басқарушы лауазымдар саны 10-нан 5 бірлікке дейін қысқартылды. Бұл шаралар еңбекақы төлеу қорын азайтуға, үнемдеуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта қызметкерлер санын тағы да қысқарту жоспарланып отырған жоқ», - деп мәлім етті «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінен.

Президенттің реформалау тапсырмасына сай, қор басшылығы қазақстандықтардан ұсыныс жинауды бастаған еді. Осыған байланысты қор ел тұрғындарынан түскен ұсыныстар және оларға жасалған талдау нәтижелерімен бөлісті.

«Самұрық-Қазына» сайтында қордың қоғамдық кеңесінің парақшасы іске қосылған. Онда қорды реформалаудың негізгі бағыттары бойынша өз пікірін білдіргісі келетін қоғам өкілдеріне арналған сауалнамалар ұсынылған. Олар бюрократияны жою, бизнес-процестерді жетілдіру, сатып алудың ашықтығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бизнесті қолдау, қордың ел экономикасындағы үлесін азайту бағыттарын қамтиды. Осы сауалнамалар арқылы түскен ұсыныстарға талдау жасалады. Олар қордың қоғамдық кеңестерінде талқыланып, «Самұрық-Қазынаның» менеджментіне тиісті ұсынымдар ретінде беріледі», - деп атап өтті қордың баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының сынына іліккен ұйымның болашақ жұмыс бағыттары туралы жазған едік.

Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды одан әрі реформалау жөнінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтқандай, Қазақстан азаматтарына «Самұрық-Қазына» қоры активтеріне иелік ету мүмкіндігі берілмек .

Мемлекет басшысының қорды реформалау тапсырмасын орындау шеңберінде Жол картасы дайындалды .


Соңғы жаңалықтар