Самұрық-Қазына қорының қызметін ашық жүргізуге арналған өзгерістер енгізіліп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу міндеті енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, бұл норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ескерілген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға енгізілетін түзетулер бір көзден мемлекеттік сатып алудың негіздерін қысқартуды көздейді. Мәселен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік материалдық резервке тауарларды, жедел іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ тұрғын емес мақсаттағы ғимараттарды, құрылыстарды, үй-жайларды бір көзден сатып алу құқығы алынып тасталады», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, заң жобасында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу міндеттілігі, Қордың холдингішілік кооперациясы аясында сатып алу тәсілін алып тастау нормасы көзделген.

«Бұдан басқа, заң жобасында Қордың жалғыз акционерінің Директорлар кеңесінің құрамын айқындауы бойынша және Қор қызметіне ашықтықты енгізуге бағытталған түзетулер қарастырылған», - деді министр.






Фото: kapital.kz



Соңғы жаңалықтар