«Самұрық-Қазына» қорының басшылығы пысықталмаған шешімдер жасай бастады - Аманжан Жамалов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы пысықталмаған шешімдер жасап жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын қайта қарау туралы тапсырма берді. Қоғамда қордың тағдырына қатысты пікірталас басталды. Дегенмен мамандардың құзырлы әрі кәсіби пікірін хайп пен популизм толқыны басып бара жатқаны ерекше алаңдатып отыр. Осы жағдайда қордың басшылығы пысықталмаған әрі асығыс шешімдер қабылдай бастағанын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде теріс салдарға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты қорды жаңғыртуға қатысты жоспарлы, қадамдық жұмыстарға оралу керек деп санаймыз», - деді А. Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, асығыс шешімдер жасамас бұрын қордың не себепті тиімсіз болғанын талдау керек.

«Осы орайда қордың бейінді және бейінді емес активтеріне кешенді аудит жүргізу керек. Бәсекелестік ортаға бейінді емес компанияларды шығару шешімін қабылдаған жөн. Сонымен қатар, барлық бейінді компаниялар жұмысының тиімділігін бағалаған дұрыс болады. Оларға қаржылық сауықтыруды жүргізіп, осыдан кейін қор нарығы арқылы өткізу туралы шешім қабылдау керек. Азаматтар қордың үлесін иелену құқығын қандай форматта алса да, тиісті бағалау мен оның нәтижесін ашық жарияламаса, азаматтар өздеріне не ұсынып отырғанын білмейтін болады. Яғни бұл тұрғыда «нақты инвестициялық кіріс бола ма?» немесе «қомақты қарызға батқан құрылымды көре ме?». Егер осы сұраққа нақты жауап берілмесе, онда қазіргі және болашақ әлеуетті инвесторлар да түсінбестік жағдайда болады. Өйткені «Самұрық-Қазына» берешегі 7,5 трлн теңгеден асып түсті, бұл 18 млрд АҚШ доллары шамасында», - деді А. Жамалов.

Оның айтуынша, қор қызметіне қатысты шешім қабылдау мен оның ұйымдастырушылық құрылымын өзгерту кезінде қордың сыртқы қарыздарын назарға алу керек. Егер қорды реформалау бойынша шешімі пысықталмай жасалса, бұл өз кезегінде кредиторлар арасында дүрбелең тудыруы мүмкін. Олар кез келген уақытта пайыздық мөлшерлемені көтеріп, қарызды мерзімінен бұрын жабуды талап етуі ықтимал. Осы міндеттемелер бойынша кейіннен Үкімет жауап беретін болады.

«Қордың барлық аударымдары орталықтандырылып, мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруға бөлумен республикалық бюджетке түсуі керек», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар