«Самұрық-Қазына» қорының 250-ден астам компаниясы жекешелендіріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жекешелендіруге жататын компаниялардың жаңа тізімі жасалды. Тізім биылғы тамызда мемлекеттік комиссияның шешімімен және ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың соңында бүкіл компанияны түгендеу жұмысына кірістік. Яғни олар бейінді ме, компаниялардың тиімділігі қандай? Сондай-ақ, шығынға батқан компанияларға қаржы құйып құтқарған жөн бе? Әлде оларды жапқан немесе сатқан дұрыс па? Бұл бағытта Үкіметпен бірлесіп жұмыс жасап, келісіп отырдық. Үкімет компанияларға қатысты өз критерийлерін анықтап, ұсынды», - деді «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру бойынша басқарушы директоры Ернар Жанәділ елордада өтіп жатқан халықаралық инвесторлар апталығының сессиясында.

Оның айтуынша, жоғарыда айтылған жұмыс нәтижесінде жекешелендіруге жіберілетін компаниялардың саны 250-ден асты.

«Бұған дейін қордың жекешелендіру тізіміндегі компаниялар саны 100-ге жуық болса, түгендеу жұмысынан кейін оны 254-ке дейін жеткізе алдық», - дейді ол.

«Самұрық-Қазына» қоры өкілінің мәлімдеуінше, жекешелендіру тізіміндегілердің негізгі бөлігі 20 ірі ұлттық компанияға қарасты. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Air Astana», «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «QazaqGaz» және «Қазақстан темір жолы» бар.

Сондай-ақ спикер аталған компанияларды 2025 жылға дейін IPO-ға шығару жоспары барын айтты.






Соңғы жаңалықтар