«Самұрық-Қазына» қорына қарасты 8 ұлттық компанияның басшысы ауысты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қорына қарасты 8 ұлттық компанияның басшысы ауысқан. ҚазАқпарат қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов өткізген баспасөз мәслихатында айтылған осы және өзге де негізгі мәселелерге шолу ұсынады.

Кейінгі 2-3 жылдың көлемінде «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне, ондағы басқарудың корпоративтік құрылымына, кадр саясатына байланысты сын көп айтылып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық әл-ауқат қоры болуға тиіс құрылымның шектеулі топтың мүддесіне ғана жұмыс істейтін ұйымға айналып бара жатқанын мәселе етіп көтерген еді.

Былтырғы ақпан айында Мемлекет басшысы қордың мемлекеттік сатып алу жұмысына көңілі толмайтынын айтқан.

«Біріншіден, бұл, әрине, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы. Бұл туралы мен осымен үшінші жыл айтып келемін. Әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Онымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге де байланысты. «Самұрық-Қазына» құрылыс және қайта жарақтау саласында ауқымды жұмыс атқарады. Әдетте белгілі бір компаниялар ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл, әрине, біріншіден, жұмыстың сапасына, екіншіден, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді», -деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал шілде айында Президент қорға қарасты ұлттық компаниялардың жұмысы әлі де тиімсіз сипаттан арылмағанын атаған.

«Ұлттық және квазимемлекеттік компанияларда әкімшілік шығыстар көлемді мөлшерде сақталып отыр. Бұл – «Самұрық-Қазына» басшылығының кемшілігі. Тындырылған жұмыс көп, тындырылмағаны одан да көп», - деген болатын.

2022 жылы компаниялар тобындағы басқарушы директорлардың саны екі есе қысқарған.

Қалған бес басқарушы директордың үшеуі ауысқан. Осылайша үш басқарушы директор Президенттік жастар кадрлық резервінен тартылған.

Бір жылдың ішінде қорға қарасты «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Qazaq Air», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Қазына Өндеу» сияқты ұйымға 8 жаңа басшы келген.

Жалпы былтыр «Самұрық-Қазына» тобындағы компанияларда жұмыс істеп жүрген 10 шетелдік басшының орнын жергілікті мамандар басқан.

Сондай-ақ, директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға немесе 40% қысқарған.

Ғибрат Ауғанов былтырдан бастап басшылық қызметке үміткерлерді тағайындамас бұрын оларды шындық детекторынан өткізу міндеттелгенін еске салды. Мұндай тексерістен негізінен сатып алу жұмысына қатысты мамандар өткен көрінеді. Оның қорытындысына қарасақ, қорға қарасты 52 компанияға жұмысқа тұруға өтініш білдірген 133 үміткер шындық детекторы арқылы сынаққа тартылып, 27-сі сынақтан өтпегендіктен жұмысқа қабылданбаған.

Бұл қысқартулардан үнемделген қаражат жалпы ұжымның еңбекақысын көтеруге бағытталыпты.

Ғибрат Ауғановтың айтуына қарағанда, 243 мың адамның жалақысы 5-48 пайыз аралығында өскен. Сондай-ақ, ол әсіресе жалақысы төмен лауазымдарға баса назар аударылғанын айтты.

«Бұған дейін төмен жалақы алатындарға көбірек қосылса, жалақысы жоғарыларға үстеме аз қосылды. Осылайша жұмысшылар арасындағы жалақы айырмашылығын азайтуды көздеп отырмыз. Биыл да бұл жұмысты жалғастырамыз. Жоспарға сәйкес Қазақстан бойынша жалақысы орташа деңгейден төмен қызметкерлерге 3 пайыздан 39 пайызға дейін қосымша өсім қарастырылған. Бізде осы санатқа кіретін 8,5 мыңға жуық адам бар», - деді қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры.

Қор былтыр Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық жобалары арқылы ел аумағында 43 әлеуметтік бастаманы жүзеге асырып, 500 мыңға жуық адамға көмектескен. Сол жобаларды іске асыру үшін қордың қайырымдылыққа бөлетін бюджеті 40 пайыз, яғни 10 миллиард теңгеге дейін артқан. Осы жобалар аясында республика бойынша 624 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұл сомаға «Қазақстан халқына қорына» аударылатын қаражатты қоссақ, қайырымдылыққа бөлінетін қаражаттың жыл сайынғы көлемі көбейіп отыр.

«Биыл бұл жұмысты жалғастырамыз, сонымен қатар таза пайданың 7 пайызына дейінгі қаражатты «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аударамыз. Бұл сома шамамен 130 млрд теңгені құрайды, яғни қайырымдылыққа бөлетін бюджет кем дегенде 13 есе өседі.

Енді еңбекті қорғау тақырыбына тоқталып өтейін. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы үшін 2022 жылы жарияланған «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жылы» аясында еншілес компаниялар Қормен бірлесіп көптеген жұмыс атқарды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда жұмыста жарақаттану көрсеткішін 16% төмендетті.

Қор Вижн Zero халықаралық концепциясына қосылды. Өнеркәсіп қауіпсіздігін басқару жүйесін дамыту басталды. Еңбек жағдайын жақсарту бойынша шеберлік сабақтарын, жаттығулар мен курстарды үнемі өткізіп тұрамыз», - деді Ғибрат Ауғанов.

Баспасөз мәслихатында ұсынылған мәліметтерге қарағанда қор өзіне қарасты өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігін жетілдіруге назар аудара бастаған.

«Онда қордың және өндірістік кәсіпорындарымыздың басшылары әлемдік озық тәжірибені енгізе отырып, кәсіпорындарда жарақаттануды мүлдем болдырмауға ұмтылу туралы міндеттемеге көпшілік алдында қол қойды.

Қоғаммен байланыс саласында ашықтық қағидатын енгізіп жатырмыз. 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қорында Қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін 13 отырыс өткізілді. Оларға 230 қазақстандық жетекші-сарапшы қатысты. Олар Қор басшылығына 118 ұсыныс берді. Бүгінде ұсыныстың басым бөлігі жұмысқа алынды.

Қоғамдық кеңес жұмысын одан әрі нығайту және тиімділігін арттыру мақсатында биыл оның құрамын 1,5 есеге, яғни 10-нан 15 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр», - деді қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры.

Айта кету керек, қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының ірі активтері жақын уақытта ашық компанияларға айналатынын мәлім еткен болатын.

Қазіргі уақытта Қор ашықтық пен тиімділікті арттыру үшін кешенді түрде трансформацияланып жатыр. Осы ретте Қордың портфельдік компанияларын жекешелендіру – негізгі бастамалардың бірі. Ұлттық мұнай компаниясы, әуе компаниясы және теміржол компаниясы сияқты Қордың ірі активтері жақын уақытта ашық компанияларға айналады. Мұнай саласындағы жетекші «ҚазМұнайГаз» компаниясы биыл күзде Қазақстанда IPO өткізеді», - деген еді Президент.


Соңғы жаңалықтар