«Самұрық-Қазына» қоры серіктес банктерімен бірге елдегі ипотекалық несиені қайта қаржыландыру ісін аяқтады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ «Самұрық-Қазына» қоры  өзінің серіктес банктерімен бірге  елдегі  ипотекалық несие алған азаматтардың қаржысын қайта қаржыландыру ісін аяқтады.

Бұл туралы ҚазАқпарат «Самұрық‑Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Естеріңізге сала  кетейік,  Үкіметтің  Тұрақтандыру бағдарламасы аясында  Ұлттық қордан  бөлінген қаржының  120 млрд. теңгесі  ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға жұмсалған еді. «Самұрық-Қазына» осы қаржыны еліміздегі екінші деңгейлі банктерге орналастырып, игерудегі бағдарламаның негізгі операторы болған.

Осыған орай, ағымдағы жылдың наурызынан бастап банктер  ипотекалық несиесі бар азаматтардан  өтініштер қабылдай бастаған.  Алғашқыда қаржыны игеру мерзімі  шілде айына белгіленген. Дегенмен,   маусымның 24-де  ҚР Экономикасын қайта жаңғырту жөніндегі  Мемлекеттік комиссия  бағдарламаның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдап,   бағдарламаны қазанның  1-іне дейін созған болатын.  Бұл ретте  азаматтар   өтініштерін  банктерге  тамыздың 1-не дейін тапсырып бітуі қажет еді.  Азаматтардың өтініштерін, талаптарын  зерттей келе, олардың өздері несие алған банктерде  қайта қаржыландыру бағдарламасына іліккені жөн деп шешіліп,  қосымша қаржы «ЦентрКредитБанк», «АТФ Банк», «Темірбанк», «Kaspi bank», «Цеснабанк», «Еуразиялық банк»  секілді банктерге бөлінді.  «НұрБанк» клиенттерінің өзге банктерде біраз мәселелерге кезіккенін ескере келе, осы банкке де қосымша  1 млрд.теңге  бөлінді. Қайта қаржыландырудың мақсаты  несиенің  мерзімін 20 жылға дейін  ұзартып,  ай сайынғы төлемнің құнын азайту болды. Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша несиенің мерзімін тоқтата тұру деген жайт қарастырылған жоқ.

Ұсынылған ақпаратқа қарағанда, аталған кезеңде еліміздегі барлық банктерге  несие алушылар тарапынан 166 мың 97 өтініш түссе, оның 127 мыңнан астамы  несие комитеттері тарапынан қолдау тапқан.

Соңғы жаңалықтар