«Самұрық-Қазына» компаниясында құжат айналымы 68% орысша жүргізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен ұлттық компаниялардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесіне жүргізілген мониторинг қорытындысы талданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінде мемлекеттік тілдің мембасқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі екені «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабында көрсетілген.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таратқан мәліметке сенсек, биылғы І тоқсанда ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 73% құраған.

Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37%-ке артық (2022 жылдың І тоқсаны – 36%).

Дегенмен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (32%), «Қазақстан темір жолы» АҚ (43%), «Қазпошта» АҚ (57%), «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (61%), «Байтерек» ҰБХ АҚ (67%), «ҚазМұнайГаз» ҰҚ (69%) және т.б. көрсеткіштері әлі де төмен.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (82%), «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (82%), «KEGOK» АҚ (84%), «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (85%), «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ (87%) құжаттарын қазақ тілінде жүргізуде өсім байқалады.

Жиын бағдарламасына сәйкес «Kegoc» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарып жатқан жұмысы жайында баяндама жасады.

Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова шараны қорытындылай келе, ұлттық компаниялардың ішкі құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарының құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.


Соңғы жаңалықтар