«Самұрық-Қазына» компанияларын халықаралық қаржы нарығына шығарады - Ахметжан Есімов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Өскемен қаласына жұмыс сапары барысында «Үлбі металлургиялық зауытының» 70 жылдығына арналған шараға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ахметжан Есімов сөз алдында зауыт ұжымын мерейтойларымен құттықтады. Айта кетейік, «Үлбі металлургия зауыты» «Самұрық-Қазына» қорының ірі қоржындық компанияларының бірі – «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның еншілес кәсіпорны.

Ахметжан Есімов құттықтау сөзінде қордың үлкен портфельдік компаниялары IPO-ға шығатынын, сонымен қатар, «Самұрық-Қазынаның» жекешелендіру бағдарламасының болашағы туралы айтты. Қазақстан Республикасының Үкіметі қордың 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру туралы бағдарламасын бекіткен болатын.

«Қазатомөнеркәсіп» әлемнің қаржы нарықтарына табысты шықты, бұл – компания халықаралық деңгейде танымал екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, халықаралық қаржы нарығы компанияның табысты дамуына, корпоративтік ашықтық пен басқаруына жағдай жасайды.

«Қазатомөнеркәсіп» біздің алғашқы жариялаған компаниямыз. Осы тәжірибені ескере отырып, «Самұрық-Қазына» қоры басқа да компанияларды халықаралық қаржы нарықтарына шығарады, бұл тек осы компаниялардың жағдайына ғана емес, жалпы ел экономикасына оң әсер етеді», - деді Ахметжан Есімов.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы 2018 жылдың қарашасында, Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында халықаралық қор нарығына шыққан болатын. IPO басталғаннан бері «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының бағасы айтарлықтай өсіп, компанияның құны қазіргі уақытта 3 млрд доллардан 3,5 млрд долларға жетті.

Айта кеткен жөн, «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші. Бұл компания әлемдік уран өндірісінің 23 пайызына ие және де шамамен 21 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қор басшысы атап өткендей, Үлбі металлургия зауытында жаңа технологиялар енгізілмек, сәйкесінше, тың өзгерістердің арқасында Қазақстанның алдынан жаңа нарықтарға жол ашады.

«Үлбі метталургия зауыты қазір төрт мыңға жуық жоғары білімді маман жұмыс істейтін әлемдік маңызы бар үлкен заманауи өндіріс. Қолданыстағы технологиялардың арқасында уран өндірісі жылына 3600 тоннадан 6000 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. 2020 жылы зауытта таблеткалық өндірісті жаңғырту жөніндегі жоба аяқталады. Осының арқасында, елімізде отын таблеткаларын өндіру көлемі жылына 400 тоннаға дейін артады», - деді сөз соңында Ахметжан Есімов.

Соңғы жаңалықтар