«Самұрық-Қазына» «Қазақстан халқына» қорына 130 млрд теңге аударады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» қоры биыл «Қазақстан халқына» қорына 130 млрд теңге аударады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық жобаларының бірыңғай операторы бүкіл Қазақстан бойынша 43 әлеуметтік бастаманы жүзеге асырғанын тағы бір рет еске сала кетейін. 500 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетілді. Бұл «Самұрық-Қазына» қоры тобының қайырымдылыққа бөлетін бюджетін 40 пайызға, яғни 10 миллиард теңгеге дейін арттыру нәтижесінде мүмкін болды. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде республика бойынша 624 адам жұмысқа орналасты», - деді Ғибрат Ауғанов баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, қордың қайырымдылық іс-шаралары биыл да жалғасатын болады.

«Осы жылы да таза пайданың 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аударамыз. Бұл сома шамамен 130 млрд теңгені құрайды. Яғни, қайырымдылыққа бөлінетін бюджет кемінде 13 есеге өседі», - деді қордың атқарушы директоры.


Соңғы жаңалықтар