«Самұрық-Қазына» кәсіпкерлерден сатып алуларды 300 млрд теңгеге ұлғайтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шағын және орта бизнес «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның 300 млрд теңгеге дейінгі тапсырысын алу мүмкіндігіне ие болды.  Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазынаның» операциялық қызметтер жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметов  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ол холдингтің сатып алу жүйесін  жетілдіру, жүйелендіру, шағын және орта бизнес өкілдерінің осы жүйеге қатысуын жеңілдету шараларына тоқталды. Жалпы оның сөзіне қарағанда, сатып алу жүйесінде бірқатар елеулі өзгерістер бар. Мәселен, холдинг ішіндегі сатып алулар оңтайландырылып, маркетинг жүйесі енгізіледі. Алдын ала біліктіліктен өту рәсімдері жеңілдетіліп, шағымдану органы  құрылады. Сатып алуларға бақылау  күшейтіліп, электронды жүйенің жаңа формасы енгізіледі.

«Бүгінге дейін холдинг ішінде сатып алулар 4,5 мың позиция арқылы  жүргізілетін. Бұл дегеніміз холдинг ішіндегі компаниялар кез келген тауарды, өнімді немесе қызметті бір-бірінен сатып алатын. Яғни, шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуына мүмкіндік берілмеген. Біз 4,5 мың позицияның әрқасысын қарап шығып, 10 есе қысқарттық. Бүгіннен бастап холдинг ішіндегі сатып алу позициялары 424-ке дейін азайды. Осы арқылы шағын және орта бизнеске қосымша 300 млрд теңгеге тапсырыс беру мүмкіндігі туып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған 424 позиция бойынша холдинг маркетинг жүргізіп отырады.

«Біз көрсетілетін қызметтің, сатып алынатын тауардың нарықтағы бағасына талдау жасаймыз және сатып алу кезінде сол бағадан аспауын қатаң бақылаймыз. Болжамымызға сәйкес, осы әрекетіміздің өзі бөлінген қаржыны 10 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал алдын ала бағалаудың біліктілік рәсімі 2013 жылдан бастап енгізілген және бүгінгі күні өзінің тиімділігін көрсетті. Дегенмен, кемшіліктері де болды. Мәселен, тендерге қатысушы шағын және орта бизнес өкілдері холдинг тарапы ұсынған 168 сұраққа жауап беруі тиіс еді.  Ендігі уақытта холдинг аталған сұрақтардың санын 76-ға дейін азайтып отыр. Бұл конкурсымызға қатысатын әлеуетті тауар өндірушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді және белгілі бір дейгейде бюрократиялық мәселелерді де азайтуға  септігін тигізеді»,-  деді Әлішер Пірметов.

Соңғы жаңалықтар