«Самұрық-Қазына» экономиканың қуатты тірегіне айналды

None
None
АНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Экономиканың қай саласында болмасын, ықтимал қауіп-қатердің алдын күні бұрын алу үшін дер кезінде қабылданған қарымды қимылдар шешуші мәнге ие болып жатады. Осыдан бір жыл бұрын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе біріктірген «Самұрық» пен «Қазынаның» Ұлттық әл-ауқат қоры ретіндегі жұмысы соның айғағы десек, қателеспейміз.

Кейде шағын бір отбасының шаруасын дөңгеленте алмай дағдарып жататынымызды ескерсек,  тұтастай бір мемлекеттің күрделі әрі сан қырлы экономикасы үшін салдары мен пайдасы қандай болатынын болжау қиын, артық-кемі, алды-арты өлшенген дұрыс шешім қабылдау қаншалық  қиын екенін бағамдауға болар. Мұны салмағы және  әлем алпауыттарының өзін алқымнан алып, төніп келген дағдарыс жағдайында тіпті ауырлай түсетінін қосыңыз. Осының бәрін ескерсек, бұрын -соңды болмаған осынау қаржы дағдарысы жағдайында дағдарысқа қарсы мейілінше дұрыс бағдарлама қабылдау қай мемлекетке болса да оңай соққан жоқ. Бірақ Қазақстан бұл сынды лайықты қарсы алып, дер кезінде тиімді іс-шараларды жүзеге асырып, оң шешімдер қабылдап үлгерді. Бүгін осылай деп айтуға толық негіз бар.  Өз қарымызға тартпай, тағы да сырт көздің пікіріне жүгінсек, арнайы жүргізілген зерттеулер дағдарысты еңсеру бағытындағы үздік бағдарламалар ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда және Арменияда қабылданғанын көрсетті.  Олардың пікірінше, бұл бағдарламаларды  толыққандылығы, кешенділігі, сондай-ақ басымдықтарды оңтайлы орналастыруы ерекшелендірген. Бұл турасында көрші елдердің басылымдарында біраз мақалалар жарық көргені белгілі. Расында да, Қазақстан дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында  ішкі инвестициялық сұранысты дамытуға жетелейтін инфрақұрылымды жетілдіруге көңіл бөлініп, стрестік активтер қоры құрды. Ал өзінің тиімділігін екінші деңгейлі банктерді қолдау, ипотекалық несиелеу мәселесін шешу, арнайы бағдарлама арқылы шағын және орта бизнесті қолдау бағыттары бойынша айқындаған «Самұрық-Қазына» қоры  бүгінде қаржы дағдарысына қарамастан, инновациялық дамуға қатысты жобаларды инвестициялауды жалғастыруда. Бұл жұмыстар өзінің нәтижесчін де бере бастады. Сарапшылар Қазақстанды дағдарыспен күресті тиімді жүргізіп отырған дамушы мемлекеттердің көшбасшысы ретінде тануда. Яғни, Қазақстан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры секілді арнайы құрылымдар арқылы дағдарыспен күресудің өзіндік үлгісін, өзгеше жолын көрсетуде.

Айта кетейік, бірер күнде аталған қордың құрылғанына бір жыл толғалы отыр. «Самұрық-Қазына» ұлтттық әл-ауқат қоры 2008 жылғы  қазанның 13-індегі ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Мемлекеттік активтерді басқарудың «Самұрық» холдингі мен «Қазына» тұрақты даму қорын біріктіру арқылы құрылғаны мәлім. Үкімет қаулысымен осы жылдың желтоқсанында ұлттық әл-ауқат қоры қызметінің негізгі ұстынымдары туралы меморандум бекітілді. «Бүгіндегі жағдайда мұнай-газ, металлургия, химия, мұнай химиясы, инфрақұрылым секілді экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін  біз мемлекеттік активтерді біріктіруіміз керек», - деген еді осы шешімге түсінік берген Елбасы сол жолы. Сонда Президент «Самұрық-Қазына» қоры ірі өнеркәсіптік жобаларды жетілдіріп, аймақтық, қоғамдық және индустриялық серпілістің локомотиві болуы тиіс екенін қадап айтты.

Нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының жарғылық капиталына «Қазатомөнеркәсіп», «Eurasian Natural Resources Corporation» АҚ, «Қазақмыс», Қазақстандық ипотекалық компаниясының және жеті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның, Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акцияларының мемлекеттік пакеті берілді. Соның негізінде мемлекет «Самұрық-Қазына» арқылы жеке сектордың белсенді акционері және серіктесі болып, экономикада Қазақстанның бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған шағын, сондай-ақ ірі бизнес бастамаларға тиісті қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырған. Жалпы алғанда, бүгінде қорда басқарушы холдингтік компанияның басшылығымен барлығы 407 еншілес және тәуелді ұйымдар қызмет жасауда. Холдингте қызметте жүрген адамдардың жалпы саны 260 мыңнан астам. 2009 жылдың басында қордың жарғылық капиталы 3.487.875.909.518 теңгені немесе 29,06 миллиард АҚШ долларын құрайды. Атап айтқанда «Самұрық-Қазына» еліміздің 40 пайызға дейінгі Ішкі жалпы өнімін топтастырды және әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруде Үкіметтің негізгі тетіктерінің біріне айналды.

Сүбелі нәтижелердің арасында Қордың қысқа мерзімде ұлттық компаниялардың бүкіл өндірістік әлеуетін жұмылдыра алғанын атап өткен жөн.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша,  «ҚазМұнайГаз» компаниясы бірінші жартыжылдық ішінде 9 миллион тонна мұнай және газ конденсатын өндірді. Мұнайды теңізбен тасымалдау көлемі 3,8 миллионға тоннаға жетіп отыр, бұл бұрынғыға қарағанда тасымал көлемінің үш есеге артқандығын көрсетеді. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру, көмірсутегі шикізатын өндіру, тасымалдау, өңдеу және өткізу жобалары бойынша жұмыстар жалғастырылды.

Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметінде есептік кезеңде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың қызмет көрсету бағыттарының санын ұлғайтудың арқасында жолаушылар тасымалы 25  пайызға өсті. «ҚТЖ» ЕҚДБ-мен және Макензимен бірлесіп, 2020 жылға дейін теміржол көлігін дамыту бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама аясында салалардың активтерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық іс-шараларды, атап айтқанда 14 мың шақырымнан астам жоғарғы жол құрылысын жаңғыртуды жүргізу, 250-ден астам жасанды құрылыс нысандарын қайта құруды,  1,5 мыңнан  астам  локомотивтерді, 53 мың жүк және 2 мың жолаушылар вагондарын алуды көздеп отыр. 2020 жылға дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен инвестициялардың жалпы көлемі 5,7 трлн. теңгені құрайды», - дейді Қ. Келімбетов.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» құрылымындағы Қазақтелекомның бірінші жарты жылдықта өндірістік қуаты 9 пайызға кеңейтілді. Нәтижесінде тіркелген байланыс желілерінің саны 3,5 миллион бірлікті құрады. Бұрынғы көлемде қалааралық және халықаралық трафиктер қамтамасыз етілуде. Қазақтелекомның еншілес компанияларында мобильдік желі абоненттерінің саны есепті кезең ішінде 2 есе өсіп, 1,8 млн. тұтынушыға жетті.

Әлемдік тәжірибеге сәйкес, дағдарыс кезеңінде  жаңаша ойлау, шығындарды азайту, басқару құрылымы мен бизнес-үдерістерін оңтайландыру міндетті түрде қабылданатын шаралардың бірі. Осы тұрғыда да әл-ауқат қоры өзінің біржылдық тәжірибесінде тиісті жұмыстарды атқарып та үлгерді. Тұтастай алғанда, 2009 жылға бекітілген бюджеттермен салыстырғанда холдинг бойынша шығындар 222,5 миллиард теңгеге, оның ішінде ағымдағы шығындар - 136,7 миллиардқа, күрделі шығындар -  85,8 миллиард теңгеге қысқарды. Әкімшілік шығындар шамамен 11 миллиард теңгеге төмендеді.

Еліміз экономикасында дағдарыстан кейін дамуға арналған алғышарттар жасалып, бүгінде негізгі салалардағы ірі жобаларды қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Осы орайда қор дағдарысты еңсеру бағытында жинақталған бірегей тәжірибені ескере отырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаның операторы рөлін атқаруды жалғастырып келеді. Дағдарысты еңсеру бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан «Самұрық-Қазынаға» 1 трлн. 87,5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп, оның ауқымды бөлігі экономикаға орналастырылды. Осы қаражаттың 476,2 млрд. теңгесі қаржы секторын тұрақтандыруға; 120 млрд. теңгесі - ипотеканы қайта қаржыландыруға; 48 млрд. теңгесі - үлестік құрылыс проблемаларын шешуге; 120 млрд. теңгесі - шағын және орта бизнесті қолдауға; 27 млрд. теңгесі - индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

Мұнымен қоса, бүгінде ұлттық компаниялар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық мөлшерді ұлғайту жөніндегі жұмыстар сәтті жүзеге асырылуда.

Қор қатысатын инвестициялық жобалар мен индустрияландыруға тоқталатын болсақ, бірінші жарты жылдықтың аяғында қор жүзеге асырған ауқымды жұмыстар Қазақстанның экономикасындағы инвестициялардың жалпы көлемінің 12 пайызын құрады. 26 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қордың инвестициялық қоржыны қалыптастырылып, 212 жоба мақұлданды. Оның 160 жобасы қаржыландыру сатысына енгізілді.

Жалпы алғанда, бүгінде қабылданған іс-қимылдардың арқасында Қазақстанда ірі өндіріс орындарында жаппай қысқарту болған жоқ. Осы орайда айтарымыз, елімізде экономиканың кез келген әсеріне икемделе алатын, сондай-ақ шұғыл шешімдер қабылдап, ауыртпалық белестерді өткеруге бейімделген әмбебеп механизм қалыптасты. Бұл бағытта мемлекет бөлген қаражатты жұмсау айқындылығы қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, берілген қаржы ресурстары қайтарымдылығының шарттары белгіленіп,  қаржыландырудың қарапайым әрі анық сызбанұсқасы жасалды. Олай дейтініміз, салыстыра келгенде біздің экономикаға ұқсас ТМД мемлекеттерінің барлығы бүгіндегі дағдарыс жағдайында осындай кешенді шараларды сәтті жүзеге асыра алмады. Себебі олардың бірқатарында Кеңес одағынан мұраға қалған ірі өндіріс орындарының көп бөлігі бола тұра, дәл осы ірі кәсіпорындар аталған мемлекеттердегі жұмыссыздықтың өсуіне негіз болуда. Ал Қазақстанда жыл басында Елбасы тапсырған басты міндет - жұмыссыздық санын өсірмеу мәселесі  ағымдағы жылдың соңғы айларындағы көрсеткіштер бойынша шешімін тапқаны аңғарылады.  Үкіметтің, ұлттық компаниялардың, меморандум жасаған кәсіпорындардың, әкімдіктердің бірлескен іс-қимылы оң нәтижеге қол жеткізді. «Самұрық» қоры мен даму институттарын біріктірген «Қазына» қорының қосылуы арқылы мемлекеттік ресурстар мен үлкен активтер бір мақсатқа жұмылдырылды.  Нәтижесінде, бұның барлығы инновациялық дамумен тікелей сабақтасып, жұмыссыздықтың алдын алып, әлеуметтік жобаларды үздіксіз жүзеге асыруға негіз болды. Дер кезінде қабылданған осындай ілкімді қадамдар дағдарысты еңсерудің  оңтайлы жолын іздеген елдерге үлгі болғаны да анық.

 

Соңғы жаңалықтар