«Самұрық-Қазына» басшысы қорды реформалау бойынша ұсыныс күтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан азаматтарына «Самұрық-Қазына» қоры активтерін иелік ету мүмкіндігі берілмек. Бұл жайында аталған қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Бүгінде ел басшылығының саяси ерік-жігерінің арқасында «Самұрық-Қазынада» қоғамда белсенді талқыланып жатқан реформаларды жүргізу үшін бірегей мүмкіндік пайда болды. Біз реформалау бағдарламасының жобасына енгізу үшін сындарлы ұсыныстар беретін барлық азаматпен диалог жүргіземіз. Таяу уақытта бұл жоспарлар ашық дереккөздерге және корпоративтік сайтымызда жарияланады. Біз сіздердің барлық сауалдарыңызға жауап береміз. Базалық принциптер ретінде ашықтық пен есептілік, бизнес үшін кедергілерді жою, әлеуметтік жауапкершілік және жемқорлықпен күрес айқындалған. Меніңше, ұлттық байлықты әділ бөлу элементі ретінде қор активтерін иелік етуге Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей қатысу мүмкіндігі бетбұрысты сәт болмақ», - деп жазды қор басшысы Facebook-те.

Оның атап өтуінше, қордың компаниялар тобында ел экономикасының басты проблемаларын шешу мақсатында мұнай, газ, көмір, теміржол көлігі, электр энергиясы мен телекоммуникация нарықтарындағы өзара қатынас құрылымын өзгертуге, бизнес-процестерді реформалауға және корпоративтік тәжірибеге бағытталған бірқатар теңдессіз іс-шара ұсынылады.

«Біз сатып алулар жүйесін түбегейлі қайта қарауға, отандықтауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтуге ниеттіміз. Бұл мәселелер сәрсенбі, 26 қаңтар күні бизнес қоғамдастықпен әлеуметтік желілерде онлайн-трансляция арқылы ашық диалог форматында талқыланады. Бағдарлама бекітілген жағдайда мен оны барынша сәтті енгізіп, орындалуын қамтамасыз етуге дайынмын. Сіздерден ұсыныс күтеміз. Оны біздің [email protected] корпоративтік поштамызға жіберуге болады», - дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық, 11 қаңтар күні Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорында реформалау жүргізу мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн екендігін айтқан болатын.

«Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігі мәселесіне тоқталған Президент, бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайтынын айтты. Яғни, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?», - деген болатын ҚР Президенті.

Осы ретте Қ.Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алулары тәртібін қайта қарастыруды тапсырды.

20 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қазақстанның ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде «Самұрық-Қазына» қорының басшысына Қорды түбегейлі реформалау туралы міндет жүктелгенін, егер ол міндетті еңсере алмаса, жұмыстан кететінін айтты.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Самұрық-Қазына» холдингінің шамамен 40 кәсіпорнын жекешелендіру жоспарланып отырғанын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар