Самұрық-Қазына алты айда тапқан табысын жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы уақыттың ішінде «Самұрық-Қазына» қоры мұнай мен электр қуатын өндіру көлемін арттырып қана қоймай, бірқатар банктерде бұғатталған депозиттерін алып шықты. Ол ақшаның бәрі қорға қарасты компанияларды дамытуға жұмсалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самұрық-Қазына» АҚ қаржы және экономика жөніндегі директоры Ернар Жаңаділдің айтуынша, алты айда негізгі қызметтен түскен кірістің көлемі 3, 339 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 27 процентке артық. Ал операциялық табыстың мөлшері 428 млрд теңгеге жетті. Бұл - жылдық жоспардың 78 проценті. Былтыр аталған көрсеткіш екі есеге төмен болған. «Бұндай өзгерістерге бірнеше фактор әсер етті. Алты айдың ішінде мұнай өңдеу көлемі 13 процентке, ал электр энергияның өндірісі 28 процентке өсті. Бұдан бөлек, теміржолмен жүк тасымалы 9 процентке артты. Әрине, мұнай бағасының көтерілуі де өз септігін тигізді. «Самұрық-Қазына» қаржылық тұрақтылығын да күшейтті. Атап айтқанда, сыртқы қарыз 900 млн долларға азайды. ҚазМұнайГаздың 1,6 млрд долларлық xалықаралық облигациялары өтелді. Ал «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд теңгенің қарызын мерзімінен бұрын төлеп тастады», - деді Е.Жаңаділ Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, «Қазкоммерцбанк» АҚ-сынан 117 млрд теңге көлеміндегі бұғатталған депозиттердің ақшасы кері қайтарылды. Сондай-ақ, тағы бір банктен тура сондай 220 млрд теңгені қайтару жоспарланған. Ол қаржы Қазақстан теміржолына (75 млрд теңге), Қазақтелекомға (75 млрд теңге) және Қазатомөнеркәсіпке (200 млн доллар) қарызға беріледі.
Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» АҚ тиімсіз активтерді азайту шараларын жалғастыруда. Бүгінде еншілес компаниялардың саны 359-дан 312-ге дейін қысқарды. 15 компания 28,5 млрд теңгеге сатылды. Алдағы уақытта тағы 51 актив сатылады. Бұдан бөлек, қор стратегиялық маңызы жоқ 102 компанияның құрамынан шығатын болады.

Соңғы жаңалықтар