«Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлерінің саны екі есеге қысқарды
2022 жылғы 11 сәуір 15:56

«Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлерінің саны екі есеге қысқарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қызметкерлер штаты 2 есе қысқартылды. Бұл туралы аталған компанияның қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі директоры Ғибрат Ауғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін компанияда бірқатар шара қолға алынды. Ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Штат 2 есеге қысқартылып, қызметкерлердің саны азайды. Басқару лауазымы да екі есеге дейін қысқарды. Сонымен қатар компаниядағы кеңесшілер институты мен қордың шетелдегі өкілдіктері жабылды», - деді Ғибрат Ауғанов онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл 1 сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-да сатып алудың жаңа ережесі енгізілді.

«Сатып алудың жаңа ережесі қоғам мен құзырлы органдардың талқысынан өтті. Жаңа ережеде біз барынша ашықтықты қамтамасыз етуге тырыстық. Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілігі күшейтілді. Сол сияқты аталған салаға жауапты жетекшілер тағайындалды. Тағы бір айтып өтетін жайт, биыл жыл басында өндірістік қызметкерлердің жалақысы артты. Одан бөлек, бірқатар әлеуметтік-қайырымдылық бағыттағы іс-шаралар іске асып жатыр», - дейді ол.

Еске сала кетсек, ақпан айында өткен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ-да түбегейлі қайта құру жұмыстары жүріп жатқанын айтқан еді.

Ал сәуір айының басында Қ.Тоқаев «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдап, бірқатар тапсырма берді.

«Самұрық-Қазына» басшысы Алмасадам Сәтқалиев Президентке қордың өндірістік, қаржылық көрсеткіштері мен осы жылға арналған болжамдары жөнінде баяндады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT