«Самұрық-Қазына» 8 наурызға қарай өндірістегі әйелдерді құлпыртты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өндірістегі нәзік жандылардың әсемдігін көрсету үшін «Құлпыру» атты бір жолғы жобасын іске қосты.

Қордың Фейсбуктегі ресми парақшасында екі оқиға жарияланған. Олардың бірі Степногордағы күкіртқышқыл зауытындағы кран машинисі Галина Браник туралы.

Г. Браник жұмысының ауырлығына қарамастан, оны ауыстырғысы келмейді. «Маған кранда жұмыс істеген ұнайды. Бұрын құрылыстағы мұнара кранының машинисі болып жұмыс істедім, қала құрылысына қатыстым. Зиянды өндіріс болса да, өз кәсібімді жақсы көремін, жұмысым өзіме қызықты», - деп баяндады ол.

Сондай-ақ «Қазпоштаның» қызметкері Рауза Милебаева көктемге қарай әдемілікке бет бұрды. Ол жұмысына 10 жыл уақытын сарп етті: еңбек жолын қарапайым пошташыдан бастап, одан кейін хат корреспонденциясын жеткізу бөліміне сұрыптаушы болып ауысқан. Осы жылдары ұжыммен достасып кеткен, ондағылар мені Роза деп атайды, дейді ол.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның баспасөз қызметінің мәліметтерінше, жоба сәтті шыққан. Әйелдер аса бір қымбат көйлек кимеген, олар киімді жеке гардеробынан таңдаған. Шаш үлгісі мен ажарландыруды оларға стильші әрі визажист Айжан Қапышева тегін жасап берді.

8 наурыз мерекесіне орай қор өндірісте жұмыс істейтін тағы үш әйелдің «құлпыруын» ұйымдастырмақ. Жобаның кейіпкерлерін еншілес ұйымдардың өздері таңдап, оған қатысуға ұжым лайықты санайтындарын жіберді.

«Кейіпкерлерімізден көріп тұрғандарыңыздай, әрбір әйел әдемі, ол үшін аздап құлпыру жеткілікті», - деп қорытты Самұрық-Қазынаның баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар