«Самұрық-Энергоның» бірінші тоқсандағы кірісі 73,6 млрд теңгеден асты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның операциялық табысы 17,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бұл былтырғы жылдың тап осындай көрсеткішінен 33% жоғары. Есепті кезең ішінде EBITDA 29,7 млрд теңгені құрады, яғни өсім - 20% немесе 4,9 млрд теңге. Жедел мәлімет бойынша қорыта алынған табыс 13,4 млрд теңге шамасында бағаланды. 

Самұрық-Энергоның қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруына өндірістік қуат көздерін оңтайлы жүктеу, өндіріс көлемін ұлғайту және электр энергиясын сату, соның ішінде экспортқа шығару арқылы қол жеткізілді.

Биылғы жылдың қаңтар-наурызындағы кіріс 73,6 млрд теңгеден асты. Бұл ретте энергия өндіретін жетекші кәсіпорындар - ЕГРЭС-1 мен ЕГРЭС-2 электр энергиясын белгіленген шекті тарифтен төмен бағамен сатып жатқандығын айта кету керек.

Есепті кезең ішінде 9 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіру қамтамасыз етілді, бұл былтырғы жылдың деңгейінен 23% жоғары. РФ-ға экспорттау көлемі 84% ұлғайып, 1,627 млрд кВтсағатты құрады. Көмір өндіру 11,7 млн тоннаға жетті, бұл 2017 жылдың дәл осындай кезеңінен 16% жоғары. Жылу энергиясын өндіру мен сату көлемі жоспарлы көрсеткіштер шегінде қалды.

«Самұрық-Энерго» АҚ аса ірі электр-энергетикалық холдинг болып табылады, оның акциялары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға 100% тиесілі. Электр стансыларының белгіленген қуаты 6,8 гигаватты немесе БЭЖ-дің жиынтық қуатының 31% құрайды.

2017 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 28,6 млрд кВтсағ өндіріліп, Самұрық-Энергоның электр энергиясын өндіру секторындағы үлесі 24-тен 28% артты. Топ құрамындағы компаниялар былтыр Қазақстанда жасыл электр энергиясының әрбір үшінші кВтсағ-ның өндірілуін қамтамасыз етті.

Соңғы жаңалықтар