Samruk-Kazyna Construction 187 жайлы мектептің құрылысына тендер жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов 2026 жылға дейін үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешуге бекініп отырғандарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының нысаналы құрылыс дирекциясы болып отыр. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың аяғына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 401 жаңа заманауи мектеп салу көзделген. Бұл шамамен 800 мыңнан астам заманауи оқушы орнын ашуға және үшінші ауысымды толығымен болдырмауға мүмкіндік береді. Оның ішінде апатты мектептерді де азайту көзделген», - деді ол БАҚ өкілдерімен өткен брифингіде.

Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамы 7 наурыздан бастап электронды порталда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша конкурс жариялаған.

«Осы конкурстың нәтижесі мектептерді жобалайтын және салатын мердігерлерді анықтайды. Ұлттық жоба бойынша биыл 221 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Оның ішінде 218 мектепті Samruk-Kazyna Construction іске асырса, қалған үшеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады. Оны жергілікті әкімдіктер қадағалайды – екеуі Алматыда, біреуі Астанада. Қазіргі таңда 2024 жылы аяқталуға тиіс 187 мектептің конкурсы жарияланды. Жаңа айтылған 218 мектептің 187-сіне конкурс жарияланды. Яғни, бұл жерде жер мәселесі уақтылы шешілген. Бірақ 31 мектепті салу жоспарында жер теліміне тиісті өзгеріс енгізілмегендіктен екінші кезеңмен конкурс жариялаймыз. Жалпы биыл 218 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы қолданысқа берілуі керек», - деді Мәулен Айманбетов.

17 наурызда конкурсқа өтінім беру тоқтатылады. Конкустық комиссия ол өтінімдерді 18 наурыздан бастап 15 жұмыс күні ішінде қарайды.

«Одан кейін өтінімдерде қандай да бір кемістік болса, түзетуге 2 жұмыс күні беріледі. Ол түзетулерді 5 жұмыс күні ішінде қарастырамыз. Өтінімді қарау кезінде де, конкурс нәтижесі жазылған конвертті ашу кезінде де ашықтықты қамтамасыз етіп, БАҚ өкілдерін де шақырамыз. Конкурста бір пайыз ғана демпингке рұқсат бердік. Негізі заң бойынша 8 пайызға дейін рұқсат бар», - дейді «Samruk-Kazyna Construction» басшысы.


Соңғы жаңалықтар