Самокат жүргізушілері нені білуі тиіс

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы мопедке теңестірілетін самокатпен қай жерлерде, қандай жылдамдықпен жүруге болады және оларға қандай талаптар қойылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол қозғалысы туралы» заңға сәйкес мопед – бұл жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын электр қозғалтқышы бар екі немесе үш дөңгелекті көлік. Оған велосипед, скутер және ұқсас сипаттамалары бар басқа да көліктер жатады. Соның ішінде электр самокат мопедтерге теңестірілген. Аталған көлікті жүргізетін адамдар, жол қозғалысы ережелерін білуі және оны бұзбауы тиіс. Электр самокатты он алты жастан асқандар жүргізе алады. Алайда, жүргізуші куәлігі талап етілмейді», - делінген Алматы қаласының Әкімшілік полиция басқармасының жолдаған хабарламасында.

Мопедтердің қозғалысына қосымша талаптар белігіленген. Мопедтер велосипед жолымен жүреді. Жолдың оң жақ шетінде және маршруттық көлік құралдарына арналған жол бойымен бір қатарда қозғалуы тиіс.

«Самокат жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға тыйым салынған. Сондай-ақ, оларға рульді бір қолмен ұстауға, жолаушыларды тасымалдауға, ұзындығы елу сантиметрден немесе ені габариттік өлшемнен асатын жүктерді алып жүруге болмайды. Жақын жерде велосипед жолы болса, сол жолдың бойымен жүру керек. Трамвай жолдарында және осы бағытта қозғалу үшін бір жолақтан артық жолдарда солға немесе бұрылуға тыйым салынған. Сондай-ақ, жол жүру ережесінің 19-бөлімінің 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес түнде және жолдың жарықтандырылуына қарамастан көріну жеткіліксіз болған жағдайда, тоннельдерде мопедтер артқы және алдыңғы жарықтарын қосуы тиіс», - деп хабарлайды полиция.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жаяу жүргіншілер мен басқа да жол пайдаланушыларының (велосипедтер, мопедтер және оларға теңестірілген көлік құралдарының жүргізушілері) жол ережелерін сақтамаса, оларға екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Соңғы жаңалықтар