Самбо: Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінен жүлделі оралды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Самбо күресінен Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінен жүлдемен қайтты. Бұл туралы «Jetisu Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихаты барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік Корея мемлекеті Чхонжу қаласында өткен жарыста ел қоржынына 4 күміс, 5 қола медаль түсті. Жалпы, жарысқа 81 мемлекеттен 516 спортшы қатысқан. Бұл тізімде Алматы облысының балуандары да бар. Олар Гүлнұр Ерболова, Динара Жұмабаева, Ділдаш Құрышбаева, Арнұр Қуатай, Болатбек Жұмагереев.

Мәселен, Ділдаш Құрышбаева финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, шешуші сында Ресей спортшысына ғана жол берді. Осылайша жерлесіміз күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл оның жаhандық жарыстан алған бесінші жүлдесі.

Динара Жұмабаева да ел намысын лайықты қорғай білді. Ол үшінші орыннан көрінді.

Жергілікті журналистермен кездескен ел құрамасының мүшелері жарыстан алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын айтты. Спортшылардың ендігі мақсаты — желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем кубогының кезеңінде топ жару.

Сонымен қатар, спортшылар келер жылы Түрікменстан астанасы Ашхабадта жалауын желбірететін дүниежүзілік бәсекеде бірінші орынды алуды көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар