«Самара-Шымкент» трассасында 70-ке жуық өзбекстандық қалып қойды

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында ауа райына байланысты жолдар жабылып, трассада қалып қойған автобустардың жолаушылары мектеп пен мешітке жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысында құтқарушылар жолаушылар мінген автобустарды жылыту бекеттеріне жеткізді.

Атап айтқанда, «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданы маңында жол бойында қалып қойған адамдар ауылдағы орта мектепке орналастырылды. Автобуста Қазақстанның үш азаматы мен Өзбекстан Республикасының 38 азаматы болды.

Мәлім етілгендей, Өзбекстан азаматтары мінген тағы бір автобус аталған трасса бойында қалып қойған.

«Самара-Шымкент тасжолының Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылы маңында да автобус тұрып қалды. Онда 31 өзбекстандық болды. Құтқарушылар жолаушыларды Қарабұтақ ауылының мешітіне орналастырды. Негізі жол ауа райы қолайсыз болған соң жабылды. Сөйтіп адамдар жолда күтті. Бірақ жолаушылар автобусы үшін бұл қиын болып, адамдар жылыту бекеттеріне жеткізілді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбеде жолдар ашық.

Еске салсақ, Ақтөбеде боран арты қатты аязға ұласып, оқушылар онлайн сабаққа көшті.


Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар