Самалға шетелдік режиссерлерден көптеген ұсыныстар түсіп жатыр - Сергей Дворцевой

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлделі орыннан көрінген  «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевой бүгін туған жері Шымкентке келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген кинорежиссер  Францияда өткен кинофестивальде «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанған қазақ қызы Самал Еслямова жайында айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейлік кинорежиссердің сөзінше, 6 күндік өмірді бейнелейтін «Айка» фильмі алты жыл көлемінде түсірілген.

«Неге ұзақ түсірілді деп сұрасаңыздар, айтайын. Кино бұл ең алдымен өнер. Мұндай фильмдер тез арада түсірілмейді. Оның түсірілімі, оқиға желісі, әсіресе әйелдің жүктілігі мен үшін өте ауыр болды. Сонымен қатар фильм бастапқыда қыста, қар жауып тұрған кезде түсірілді. Ал, Мәскеуде осы жылы ғана қар көп жауды. Алдыңғы екі жылда қар тіптен аз болды.  Біз қар іздеп  Мурманск қаласына да бардық. Бірақ бәрі сәтсіз болып, сол қарды Мәскеуде күтуге тура келді. Мен мұндай фильмдер түсіргенде уақытқа емес, нәтижесі болғанына көңіл бөлемін»,- дейді кинорежиссер.

Ол сондай-ақ аталған көркем фильмнің өзге туындылардан айырмашылығы өзектілігінде деп біледі. Себебі, «Айка» фильмінің оқиға желісінде  қазіргі замандағы  бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілген.

«Мәселен, Мәскеуде мигранттар проблемасы бірнеше жылдан бері өзекті саналады. Ол тек Ресейде ғана емес, барлық дамыған мемлекеттерде бар жайт. Барлығын толғандырады. Біреу жақсы өмір сүргісі келсе, екінші адам оны қабылдамайды. Содан көп қиыншылықтарға тап болады. Мен осы фильмді түсірер алдын бір мәлімет оқыдым. Мәскеуде бір жылда 250-дей әйел босанып, нәрестелерінен бас тартқан. Сәбилерін перзентханадарда қалдырып кеткен. Бұл жәйт маған қатты әсер етті. Неге десеңіз, мен осы Шымкентте туып-өстім, азиялық әйелдердің баласынан бас тартуы мен үшін де жат нәрсе. Мен содан кейін бұл мәселенің себебіне  үңіліп, зерттеп көрдім, не себепті бас тартады деп. Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады ғой. Біреу ұзақ уақыт жұмыс істеп жүріп танысады, отбасын құрады. Ал, енді біреулер жүкті болып қалып, сәбиін еліне алып қайтуға қорқады. Ұялатындар бар. Үшінші жағдайда алып шаһарда нәрестемен өмір сүру өте қиын. Бұл фильмде әйел босанып, өзінің баласын қайтаруға ынтық болады. Соңғы эпизодта ол баласын емізеді»,- дейді Сергей Дворцевой.

Режиссер киноның мұндай дәрежеге жетуіне бірінші кезекте талантты актриса Самал Еслямованың көп еңбегінің арқасы деп біледі.  Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанғанын естігенде, көзіне жас алғанын да жасырмады. Сергей Дворцевойдың айтуынша, Самал бұл өнер саласындағы жауһар деп айтуға болады. Оның әрбір іске жауаптылығы мен мінез-құлқы, актерлік шеберлігі «Үздік актриса» атануына әбден лайық.

«Барлық актерлер шеберлікті оқып, үйренеді. Дегенмен Самал актерлік техниканы шебер меңгерген. Ол Мәскеудегі Ресей театр өнері институтын (ГИТИС) тәмамдаған. Евгений Каменьковичтен дәріс алып, шеберлігі шыңдалған. Ол жәй ғана рөлді сомдай бермейді. Сол кейіпкердің тағдырын өзі арқылы өткізіп, рөлін таза орындап шыға алады. Мәселен, кино үлкен микроскоп сияқты. Ол бетіндегі эмоцияны ғана көрсетіп қана қоймай, әжімдеріңді, көздің нұрын бәрін көрсетеді. Театрдан айырмашылығы да сол. Самал киноға әбден бейімделген халықаралық дәрежедегі, сирек кездесетін актриса деп айтар едім. Осы фильм түсірілген алты жылдың ішінде Самал еш өзгермеді. Мүмкін сондай жас шамасы шығар. Қазірдің өзінде оған шетелдік режиссерлерден ұсыныстар түсіп жатыр. Жуырда Дат елінің режиссері Томас Виттенбергтен шақырту алды. Алдағы уақытта ағылшын тілін жақсы меңгеріп алса, ондай ұсыныстар көбейеді деген ойдамын»,- дейді кинорежиссер.
null

Шымкенттің тумасы сонымен қатар Канн фестивалінде Самалмен бірге 20 шақты кинофильмге түскен актрисалар бәсекелес болғанын айтады.  Басым көпшілігі әлемдік дәрежеде танымал режиссерлер түсірген фильмдер болған. Қазылар алқасы бастапқыда Польшаның  Павел Павлековский деген режиссер түсірген фильмнің актрисасы үздік болады деп болжапты.

«Біз кино туындымызды қазылар алқасына ең соңғы болып ұсындық. Себебі одан ерте үлгермедік. Қосымша уақыт алып жүріп, бітірдік әйтеуір.  «Айка»  фильмін көргеннен кейін қазылар алқасының пікірі бірден өзгерді. Тіпті конкурста кино көрсетілгеннен кейін кинозалдан бәрі шығып бара жатқанда Самалды бір әйел құшақтап, екі минуттай солай тұрды. Біз ол әйелдің Канн фестивалінің қазылар алқасының төрайымы Кейт Бланшетт екенін кейін білдік. Голливуд жұлдызы, «Оскар» сыйлығының лауреаты Кейт маған кейін жолығып, өзі айтты. Қазылар алқасы бастапқыда Польша актрисасын таңдап, кейін барлығы Самалды бірауыздан қолдаған»,-дейді  Сергей Дворцевой.
null

Режиссер сондай-ақ әзірге Қазақстанда қандай да бір кино түсіруді жоспарламағанын айтады. Десе де еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінен ұсыныс түскенін атап өтті. Ал, оның  «Айка» және «Тюльпаны» атты қос фильмі енді Қазақстанда күз айларында жаппай көрсетілетін болады. Екеуінде де қазақ актрисасы Самал Еслямова аналардың рөлін сомдаған.

Соңғы жаңалықтар