Самал Еслямованы жанкүйерлері әуежайдан «Қазақстан» әнімен күтіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 71-інші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямованы жанкүйерлері Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайынан күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуежайға келген актрисаны қазақ жастары Мұқағали Мақатаевтың «Қазақстан» атты өлеңіне жазылған әнмен қарсы алды. «Сен менің сүйегім мен қанымдасың, Жанымдасың, ұятым, арымдасың», деп ән салған жастардың кейбірі ұлттық нақыштағы киім киіп келген.

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен актриса Самал Еслямованың, режиссер Сергей Дворцевойдың кездесуі жоспарланған. Шараға сонымен бірге, фильмнің продюссері Гүлнәр Сәрсенова қатысады. 

Еске салсақ, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-інші Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жеңімпаз атанған еді. Кейін министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық актрисаны фестивальдегі жетістігімен құттықтады. Самал Еслямова ресейік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдады.

C. Еслямова 1984 жылы 1 қыркүйекте туған. 2011 жылы Ресейдің театр өнері университетін (ГИТИС) бітірген. Бұған дейін ол «Тюльпан» фильмінде басты рөлді ойнаған. Туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, Францияның білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған болатын.

Соңғы жаңалықтар