Самал Еслямова: Мен жұлдыз емеспін, жұлдыз аспанда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канн фестивалінің жеңімпазы, әртіс Самал Еслямова алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Бүгін ол Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуге қатысты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу кезінде Мемлекет басшысы әртістің алдағы жоспарлары жайында сұрады.

Самал Еслямованың айтуынша, мамыр айында бір көркем фильм бар. Ал жазда Қытай, Моңғолия мен Канда бірлесіп түсіретін бір жоба қолға алынады.

«Құдай қаласа, соған түсемін деп жоспарлап отырмын», - деді С.Еслямова. Әртіс шетелде жүргенде туған жерінің аспанын қатты сағынады екен.

«Өзім әлемнің қай мемлекетінде болсам да, әрқашан Қазақстанға үлкен қуанышпен, үлкен бақытпен ораламын. Елімді, оның аспанын қатты сағынамын. Біздің аспанындай аспан басқа жерде жоқ. Сол аспанда бейбітшіліктің таңы атқаны үшін өз атымнан және xалықтың атынан мың алғыс айтамын», - деп атап айтты С.Еслямова.

Ал кездесуден кейін журналистер С.Еслямоваға «Жұлдыз болған қалай екен?» деген сұрақ қойды. Оған Самал: «Ой, мен өзімді жұлдыз деп санамаймын. Мен -кәдімгі адаммын. Жұлдыз мен үшін аспанда. Ал мен - адаммын. Мамандығым актриса ғой, ондайда адамдар танымал болып жатады. Енді, көшеде жүргенде адамдар танып жатады, фотоға түсуді сұрайды. Бұл - заңды нәрсе. Әртіс болғаннан кейін ондай болады», - деп жауап берді.

Айта кетейік, кездесу кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. «Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды», - дейді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселесін қозғады. Сондай-ақ, екі анаға анаға "Алтын алқа" мен "Күміс алқаны" салтанатты түрде тапсырды. Президент отбасының ынтымағын сақтаудың құпиясымен де бөлісті.

Соңғы жаңалықтар