Салынып жатқан білім және денсаулық нысандарына жыл соңына дейін 9,3 млрд. теңге бөлу қарастырылады - Экономика министрі

None
None
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы салынып жатқан білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысына жыл соңына дейін 9,3 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, жыл басында 2009 жылғы бюджетті нақтылау барысында білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының құрылысын қаржыландырудың бірқатар проблемалары шешілген болатын.  Ал қаражат тапшылығына орай, құрылысы басталған нысандарды жалғастыру жылдың соңына дейін бюджетті нақтылағанда ескерілетіні айтылған. «Бюджеттің игерілуін талдау барысында үнемделген қаражатты осы нысандарға бұруға шешім қабылдап отырмыз. Бұдан басқа, 15,4 млрд. теңге Астана қаласының проблемаларын шешуге бағытталады. Бұның ішінде «Гранд-Астана» тұрғын үй кешеніндегі үлескерлер проблемаларын шешуге 3 млрд. теңге, білім, денсаулық, мәдениет нысандарын салу мен көлік инфрақұрылымын қайта құруға 12,4 млрд. теңге бөлінеді. Оның ішінде 8 млрд. теңге елордада бой көтеретін жаңа университеттің құрылысына арналады», деді Б. Сұлтанов.  

Бұдан басқа үнемделген қаражаттың 11,6 млрд. теңгесі Алматы қаласының көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік сала нысандарына, ал Азиада ойындарын өткізуге байланысты энергетика нысандары құрылысына 8,4 млрд. теңге көзделеді. 

Соңғы жаңалықтар