Салықтың ЖІӨ-дегі үлесі 25 пайызға дейін жеткізіледі - Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2025 жылға дейін салықтың ЖІӨ-дегі үлесі 25 пайызға дейін жеткізіледі. Бұл туралы халықпен есеп беру кездесуінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салық түсімдерінің Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 18,6 пайыз болды. Бұл алдыңғы жылмен (16,8%) салыстырғанда 1,8 пайыздық пункке артық. 2025 жылға дейінгі мақсатымыз - салықтың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 25 пайызға дейін жеткізу. Біз бұл көрсеткішке көлеңкелі экономиканы қысқарту арқылы қол жеткіземіз», - деді Смайылов.

Бұдан бөлек ол кедендік әкімшілендіру мәселесіне тоқтала келе, 2018 жылы кедендік баждар мен салықтардың түсімі 2017 жылмен салыстырғанда 17 пайызға өсіп, 2 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Ал биылғы 5 айда ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артқан.

Белгілі болғандай, министрлік салықтық құқық бұзушылықтар бойынша қоғамдық бақылауды күшейту, жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді рәсімдеу кезінде салық төлеуді бақылау бойынша нотариусқа функция беру, сондай-ақ салық саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бүгінгі есептік кездесуде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Арысты қалпына келтіру жұмыстары жылдамдатылған тәртіпте жүргізілетінін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар