Салықтық рақымшылық: Түркістан облысының тұрғындары 1 млрд. теңгеге жуық қарызын өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының тұрғындары салықтық рақымшылық шарасы аясында 1 млрд. теңгеге жуық қарызын өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылдың 4 желтоқсанындағы жағдай бойынша 600 мыңнан астам қазақстандық салық рақымшылығы мүмкіндіктерін пайдаланды. Олар салық бойынша 8,5 млрд теңге қарызын төледі, ал 1 млрд теңгеге жуық өсімпұл есептен шығарылды.

Салық рақымшылығын пайдаланған азаматтар арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыста 118 839 борышкердің 77 215-сі (65,5%) 995 миллион теңге төлеп, негізгі қарызды төлеген. Өңірде есептен шығарылған өсімпұл мөлшері 87,6 млн теңгені құрады.

Қызылорда облысында 15 791 борышкердің 11 180 жеке тұлғасы (70,8%) 225 млн. теңге көлемінде қарызын өтеген, өсімпұл 40,4 млн. теңге көлемінде есептен шығарылған.

Естеріңізге сала кетейік, өсімпұлдарды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн. жеке тұлға бойынша жалпы қарыз 24,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде негізгі қарыз сомасы 20,3 млрд теңге, өсімпұл 4,3 млрд. теңге болды.

МКК жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады. Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі - 2020 жылғы 31 желтоқсаны.

Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды.

«Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан, сондай-ақ eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар