Салықтық рақымшылық: 31,3 мың қазақстандықтың өсімпұлы кешірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың әртүрлі салық бойынша 64 млн теңгеден астам өсімпұлы есептен шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

7 қыркүйектегі жағдай бойынша, салықтық рақымшылық мүмкіндіктерін 31 338 азамат пайдаланып үлгерген. Олар 295,3 млн теңге салық төлеп, 64,1 млн теңге өсімпұл есептен шығарылды.

«Ал, төленген берешек сомасы бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Оңтүстік мегаполис тұрғындары 75,6 млн теңге салық төледі. Бұл көрсеткіш бойынша алғаш үштікте Түркістан облысы (35,1 млн.) және Алматы облысы (34,2 млн.) бар.

Есептен шығарылған өсімпұл көрсеткішінде Алматы қаласы – алда. Қала бойынша бұл сома 18,4 млн теңгеге жеткен. Жойылған өсіпұл көлемі 17,7 млн теңгені құрап отырған Нұр-Сұлтан қаласы – екінші орында. Ал Маңғыстау облысында 4,5 млн теңге өсімпұл есептен шығарылған», - делінген комитет хабарламасында.

Сонымен қатар Қостанай облысының тұрғыны көлік салығы бойынша 1,4 млн теңге көлемінде негізгі берешек сомасын өтеп, оның 1,07 млн теңге көлеміндегі өсімпұлы есептен шығарылды.

Сол секілді мүлік салығы бойынша жинақталған 1,2 млн теңге берешекті Алматы қаласының тұрғыны өтеген. Есептен шығарылған өсімпұл – 429 мың теңге.

Ақтөбе облысында жер салығы бойынша берешегі бар азамат 51 мың теңге салық төлеп, 43 мың теңге өсімпұлдан босатылды.

Айта кетейік Салықтық рақымшылық жасау мерзімі – 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Салықтық берешегінің бар-жоғы екендігі туралы мәліметті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан немесе «eSalyq mobile» (AppStore, PlayMarket) мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады.


Соңғы жаңалықтар