Салық түсімдерінің тұрақтылығы нығайды – Қаржы министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнайлы емес түсімдер көлемінің ұлғаюы салық түсімдері тұрақтылығының нығайғанын көрсетіп отыр.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджетті жоспарлау негізіне салынған базалық макроэкономикалық сценарий ЖІӨ-нің үдемелі өсуін, инфляцияның орташа жылдық дәлізінің 2022 жылы 3-5 пайызға дейін төмендеуін қамтамасыз етеді. 2020 жылға арналған бюджет тапшылығы 2022 жылы 1 пайызға дейін төмендетіліп, ЖІӨ-нің 2,1 пайызы деңгейінде жоспарланды», - Б. Шолпанқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа әлеуметтік бастамаларды іске асыруды және өңірлерді дамытуды жалғастыра отырып, кепілдік берілген трансферт 2020-2021 жылдары 1,1 трлн теңгеге ұлғайтылды. 2022 жылдан бастап ол кезең-кезеңмен 2 трлн теңгеге төмендейтін болады. Заң жобасында ол 2020-2021 жылдары 2,7 трлн теңге және 2022 жылы 2,6 трлн теңге сомасында көзделген.

«Мұнайлы емес түсімдер көлемінің ұлғаюы салық түсімдері тұрақтылығының нығайғанын көрсетіп отыр. Экономиканың даму қарқынының артуы, кедендік және салықтық әкімшілендірудің жақсаруы және оларды цифрландыру өзгерістердің негізгі факторлары болды. Осы бағыттағы жұмыс салықтық және кедендік ақпараттық жүйелер кешенін біріктіру жолымен жалғасуда. Бұл ретте шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының түсімдері жергілікті бюджеттер базасына берілді», - деді бірінші вице-министр.

Берік Шолпанқұловтың айтуынша, тұтастай алғанда, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) үш жылдық кезеңде: 2020 жылы - 8,0 трлн теңге немесе ЖІӨ-ге 10,7%; 2021 жылы - 8,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-ге 10,6%; 2022 жылы - 9,4 трлн. теңге немесе ЖІӨ-ге 10,6% құрайды.



Соңғы жаңалықтар