Салық төлеушінің құпия деректері активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Салық органдары енді салық төлеуші туралы құпия мәліметтерді заңсыз алынған активтерді қайтарумен айналысатын уәкілетті органға беруге міндеттеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Атап айтқанда, енді салық органдары активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды өздерінің базасына қосуға мүмкіндік жасауы тиіс.

«Салық органдары активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға салық органдарының ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беруге міндетті», - делінген жаңа редакцияда.

Айта кетейік, бүгінгі күнгі заң талабында мұндай норма жоқ. Сонымен қатар, енді активтерді қайтарумен айналысатын органға салық төлеушінің құпия деректері де ұсынылады.

«Салық органдары салық құпиясын құрайтын салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмай «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңына сәйкес, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға табыс етеді», - деп жазылған депутаттар бастамасымен қолға алынып, өзгеріс енгізілгелі отырған құжатта.


Соңғы жаңалықтар