Салық төлеуден жалтарған астаналық кәсіпкер сотталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық кәсіпкер салық төлеуден жалтарып, бюджетке 138,5 млн теңге шығын келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты «ЖилОтделСтрой» ЖШС басшысына қатысты айыптау үкімін жариялады. Серіктестік басшысы жұмысты орындау және қызмет көрсету шығынына қатысты декларацияға жалған деректерді енгізу арқылы бюджетке салық төлеуден жалтарғаны үшін айыпталды. Ол 138,5 млн теңге көлемінде залал келтірген», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Айыпталушы ҚР ҚК-нің 245-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен сотталды. Ол бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сотта нақтыланғанындай, жеңілдететін мән-жай болса немесе ауырлататын мән-жай болмаған жағдайда, жаза ең жоғарғы мерзімнің жартысынан, яғни 2 жылдан аспайды.

Сот айыптының өз ісіне өкінуін және жас балаларының болуын жеңілдететін жағдай деп таныды. Ауырлататын жағдай жоқ.

Жаза тағайындау кезінде сот «рақымшылық жасау туралы» заңды қолданып, заң талаптарын ескере отырып, ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін жаза мерзімін жартылай қысқартты. Сондай-ақ, 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын түпкілікті тағайындады.

Сонымен қатар, айыпталушы К-дан мемлекет кірісіне төленбеген 138,5 млн теңге салық өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар