Салық ставкаларының төмендетілуі есебінен 500 млрд. теңгеге жуық қаражат бизнестің өзіне қалдырылып отыр - Экономика министрі

None
None
АСТАНА. Қазанның 8-i. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Салық ставкаларының төмендетілуі есебінен 500 млрд. теңгеге жуық қаражат бизнестің өзіне қалдырылып отыр. Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелерімен кездесуі барысында   ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы бірнеше мәрте көтерген антициклды фискалдық саясаттың негізгі мақсаты циклдық ауытқушылықтарды жеңілдетіп, циклді дағдарысты тереңдетпей, жұмыссыздықтың алдын алу және экономиканың өсімін қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанның экономикасы әлемдік шаруашылықпен жақын ықпалдасқандықтан, әлемдік экономиканың циклді дамуына белгілі бір мөлшерде тәуелді болып табылады.  Бұл ең алдымен өткен жылғы баға құбылуында айқын көрініс тапты. Әрине, осындай жағдайларда мемлекеттік басқарудың ролі арта түсетіні шындық», деді Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, антициклды саясатты жүзеге асыру үшін фискалдық саясатты қоса алғанда бірқатар кешенді шаралар атқарылуы қажет болып табылады. Сонымен бірге, антициклды фискалды саясат барысындағы салық салу мәселесіне тоқталған министр, биылғы жылдан бастап күшіне енген Салық кодексінің экономиканы әртараптандыруға, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталғанын атап өтті. «Атап айтқанда, дағдарыс кезеңіндегі фискалдық мәселені салық саясаты тұрғысынан алып қарастырсақ, біз еліміздегі бизнес үшін қосымша мүмкіндіктерді қалыптастырып отырмыз. Мәселен, аталмыш кәсіпкерлік секторына салық ставкалары төмендетілді. Одан түсуі болжанған 500 млрд. теңгеге жуық қаражат бизнестің өзіне қалдырылып, дағдарыс кезеңінің қиындықтарымен күреске жұмсалуына жағдай жасалып отыр. Негізінен бұл қаражатты болашаққа инвестиция үшін жұмсаған да орынды болар еді», деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.  

Соңғы жаңалықтар