Салық қарызын төлегендерге өсімпұлды жою қағидалары қолданысқа енеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап салық қарызын төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енеді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 39 бұйрығымен Бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары бекітілді. Бұл қағидалар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 24 қаңтарда №18233 болып тіркелді және ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2019 жылдың 28 қаңтарында жарияланды. Қағидалар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген таратылған ақпаратта.

Айта кеетйік, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын заң күшіне енгені белгілі. 2019 жылдың 25 қаңтарындағы жағдай бойынша 25 769 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 5,5 млрд теңгені құрайтын негізгі қарызын төлеген. Есептен шығару тәртібіне сәйкес, осы салық төлеушілердің жалпы сомасы 1,0 млрд теңге өсімпұл және 37,0 млн теңге айыппұл есептен шығарылады. Оның ішінде 2018 жылдың 1 қазанында тіркелген барлық салық түрлері бойынша негізгі қарызын төлегендер - 24 270 салық төлеушілер бар, төленген салық қарызы - 4,8 млрд теңге. Бұл салық төлеушілер бойынша жалпы сомасы 0,6 млрд теңге өсімпұлы және 20,3 млн теңге айыппұл есептен шығарылмақ.

Алдын-ала деректерге сәйкес 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 340,6 млрд теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рақымшылыққа ілігеді. Егер 210,4 млрд теңге көлемінде негізгі қарызды төлеген жағдайда есептен шығаруға жататын өсімпұлдың жалпы сомасы - 122,9 млрд, айыппұлдың сомасы - 7,3 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазаннан бастап негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады.

Бұл ретте мониторингке жататын, ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жер асты суын өндіру, емдеу балшығына құқығы бар жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнімді өндіретін өндірушілер салықтық рақымшылыққа жатпайды.

Айта кетейік, өткен жылы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, онда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистияны өткізуді тапсырған болатын.

«Бизнес жұмысын таза парақтан бастауы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізуге кірісуді тапсырамын»,- деген еді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар