Салық берешегі барларға автоматты ескерту жүйесі қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы «белсенді» салық төлеушілердің 10 пайызы салық төлеу шарттарын бұзған. Мемлекеттік кіріс органдары оларға автоматты ескерту хабарламаларын жіберу тәжірибесін енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің бақылау департаментінің директоры Ержан Тоқтарханов айтып берді.

«2017 жылдан бастап Бас прокуратура және «Атамекен» ҰКП-мен жоспарлы түрде бизнеске жүктемені төмендету, соның ішінде тексерістерді азайту бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді. Қазір салықтық әкімшілендіруде тексерістерден камералдық бақылау жүргізу тәсіліне біртіндеп көшіп жатырмыз. Камералдық бақылау арқылы анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жою құқығын беруге болады. Тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша хабарлама жіберіледі. Ал тәуекел дәрежесі аздау бұзушылықтар бойынша камералдық бақылау хабарландыру жіберіледі. Бұзушылық сомасы елеусіз салық төлеушілерге хабарламалар және хабарландырулар мүлде жіберілмейді», - деді Е.Тоқтарханов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері «белсенді» салық төлеушілердің оннан біріне ғана хабарлама жіберілген.

«2019 жылдың 1 жарты жылдығы бойынша жіберілген хабарламалардың нәтижелік көрсеткіші 60% құрады. Бұл сан өсіп келеді. 2019 жылдың ішінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық төлеушілермен өз бетінше қосымша декларациялар тапсырылды. 94,9 млрд. теңге көлемінде салықтар есептеліп, 81,5 млрд.теңге өндірілді.

Камералдық бақылау адал салық төлеушілерге кедергі болып саналмайды, керісінше жіберілген бұзушылықтар туралы назар аударып, салық төлеушілер өз қателіктерін айыппұлсыз түзете алуына көмектеседі», - дейді комитет басшысы.

Соңғы жаңалықтар